Қазақстанның тау шаңғысы курорттарында сырғанау қанша тұрады?

Пандемия қоғам өмірінде жаңа трендтерді қалыптастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұтынушылық нарықты түбегейлі өзгертіп, қызмет көрсету саласында жаңа бағыттарға жол ашты. Солардың бірі – тау шаңғысы. Отандық курорттарда қысқы демалыстың осы түріне қазір сұраныс қызып тұр. Бұл маусымдық құбылыс па? Әлде қазақстандық туризмнің жаңа тармағы ма?

Шекаралардың жабылуы әлемдік туризді әлсіретті. Бірақ ішкі туризмнің дамуына жол ашты. Сала мамандарының айтуынша, қысқы демалыс маусымы аяқталса да, жаңа шипажайлар мен түрлі орталықтардың жұмысы жалғасады.

Қазақстандықтар ішкі туризмге бет бұрған

Отандық демалыс орындарына қазір сұраныс жоғары. Өйткені шетелге жолдамала алғаннан, ел ішін аралау арзанға түседі дейді Қазақстанның туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова. Осыған байланысты республика аумағында түрлі демалыс орталықтары ашыла бастаған. Ал салада бұрыннан істейтіндер қызмет көрсету аясын кеңейтуге кіріскен. Яғни ішкі туризм бағытында бәсекелестік пайда болды дейді маман. Оның пікірінше, бұл саладағы қызмет көрсету сапасын арттырады. Ал тұтынушылардың таңдау аясы көбейеді. Дегенмен аталмыш сегмент екіге бөлінеді. Ірі тау шаңғы орталықтары мен шағын демалыс орындары. Ондағы баға шаңғы жолдарына, қосымша қызмет түрлері мен орталықтың орналасқан жеріне қарай құбылады. Айта кетерлігі, қысқы демалыс түрлеріне арналған тау шаңғысы, сноуборд, коньки тебуге арналған кешендер тек солтүстік өңірлерде ғана емес, еліміздің оңтүстігінде де бар. Бұл бизнеске климаттық жағдайдың кедергі емес екендігін айғақтайды.

Ал қазір Қазақстандағы танымал тау шаңғысы курорттарындағы қызмет құнын атап өтсек. Ақпарат негізіне демалыс орындарындағы шаңғымен сырғанаудың бір күндік бағасын алдық.

Шымбұлақта тау шаңғысымен сырғанау құны бір күнге 6500 теңгеге жуық. Алматыдағы тағы бір демалыс орны «Ақ Бұлақта», қысқы спорттың бұл түрі 6000 теңге тұрады. Шыменттегі «Тау самалы» курортында 1000 теңгеге шаңғымен сырғанауға болады. Ал Шығыс Қазақстандағы «Алтай Альпілерінде» қысқы демалыстың бұл түрі 3500 теңге тұрады.

Қазақстанның тау шаңғысы курорттарында сырғанаудың құны

Шымбұлақ – 6460 теңге

Ақ бұлақ – 6000 теңге

Тау Самалы – 1000 теңге

Алтай Альпілері – 3500 теңге

Шығыс Қазақстанда тау шаңғысы курорттарына сұраныс жоғары

Шығыс Қазақстан облысының тау шаңғысы курорттарында сұраныс ұсыныстан жоғары. 2019 жылмен салыстырғанда биыл бос уақытын қысқы демалыс орындарында өткізгісі келетіндердің саны еселеп артқан. Тіпті аймаққа қардың кеш түскені де маусымдық демалыстың бұл түріне кедергі болмаған сыңайлы. Биыл облыста жауын-шашын мөлшері жылдағыдан төмен дейді аймақтағы туристік агенттіктердің бірін басқаратын Валерия Топольняк. Оның айтуынша, ұзақ уақыт карантинде болғандықтан, қазақстандықтар қазір табиғат аясында демалуды жөн көреді. Мысалы, «Алтай Альпілері» тау шаңғы курортындағы жүктеме 50 процентке өсті. Әсіресе демалыс күндері курортқа барушылар саны көп.

Сауд Арабиясы мұнай өндірісін қысқартады

Сауд Арабиясы қара алтын тасымалын ішінара қысқартады. Бұл олардың ОПЕК плюс аясында келер екі айда өндірісті күніне бір миллион баррельге азайтуға келіскеннен кейін болды. Блумбергтің хабарлауынша, қара алтын көлемін азайту Азиядағы шикі мұнайға сұраныстың төмендеуімен сәйкес келген. Кейбір азиялық мұнай өңдеу зауыттарына Saudi Aramco жоспарланған көлемнен 20-30 процентке аз мұнай жібереуі мүмкін. Еске салайық, осы айдың басында компания Азия мен АҚШ-тың сатып алушылары үшін шикізат бағасын қымбаттатқан

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Доллар 419 теңге 15 тиын, еуро 510 теңге 09 тиын, рубль 5 теңге 58 тиын.