Импорт пен қымбат шикізат елімізде кондитерлік саланы тұралатты

Бір жылда отандық фабрикалар екі жүз мың тоннаға жуық кондитерлік өнім шығарған.

Қазақстан кондитерлері қауымдастығының президенті Әлихан Талғатбектың айтуынша, кәсіпорындар 150 мың тонна кәмпитті ішкі нарықта сатқан. Ал қалған өнімнің бәрі көрші елдерге экспортталған.

Қауымдастықтың мәліметінше, Қазақстанға 200 мың тоннаға жуық тәтті өнім импортталған. Олардың құны төрт жүз миллион доллардан асады. Жалпы отандық нарықтағы импорт үлесі шамамен 57%. Оның басым бөлігі ресейлік холдингтерге тиесілі. Осы орайда қауымдастық басшысы отандық фабрикаларға шетелдік өндірушілермен бәсекелесу қиын екенін атап өтті. Кәсіпорындардың өндіріс көлемі аз. Бұған қоса олар жеңілдіктер мен маркетингтік әдістерге бара алмайтын көрінеді.

Әлихан Талғатбектің айтуынша, Қазақстанда кондитерлік саланы дамыту бағдарламасы әзірленген. Онда инвестициялар тарту, өнім түрлерін көбейту, салық жеңілдіктері қарастырылған. Алайда бұл бағдарлама сол күйі іске қосылмаған дейді сала маманы. Салдарынан импортқа тәуелділік жыл сайын артып келеді.

Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда кондитерлік өнімдер бір жылда 8% -ке қымбаттады. Сонымен қатар қанттың да құны өкенін ескерсек, баға бұдан да жоғары болуы мүмкін еді. Мысалы, өткен жылы қанттың келісі 140 теңге болған. Қазір оның көтерме бағасы 270 теңге. Қазақстан кондитерлері қауымдастығының басшысы Әлихан Талғатбек осыдан бір апта бұрын баға тағы 10 теңгеге өскенін айтады. Кондитерлік кәсіпорындар негізінен импорттық шикізатты сатып алады. Өйткені нарықта қазақстандық қант аз. Әзірге зауыттардың көпшілігі өткен жылғы қордың есебінен бағаны бірқалыпты ұстауға тырысып бағуда. Бірақ бұл тәттілердің құны қымбаттамайды деген сөз емес. Өндірушілер өнімнің бағасын біртіндеп көтеріп жатыр. Тоқсан сайын негізгі бағаға екі-үш процент қосылады.

Сарапшылардың айтуынша, қанттың қазіргі бағасы бірнеше айдан кейін кәмпиттердің өзіндік құнына әсер етеді. Сонда дүкен сөрелеріндегі тәттілер бұдан да қымбатқа түсуі мүмкін.

«Нарықтағы баға» айдары. Бүгін қанттың бағасын бір шолып өтеміз. 

Нарықтағы баға: 1  кг ҚАНТ

Қостанай 270 тг

Петропавл 296 тг

Нұр-Сұлтан 320 тг

Өскемен 320 тг

Ақтау 325 тг

Көкшетау 350 тг  

Өзге тақырыптарға ойыссақ, Қазақстандық жұмыртқа және күнбағыс майын өндірушілер бағаны өзара келісіп көтерген деген күдікке ілінді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары 34 құс фабрикасының 13-інде осындай олқылықтар анықтаған. Олардың барлығына бағаны төмендету туралы хабарлама жіберілді. Осы ұсынымдар бір ай ішінде орындалмаған жағдайда монополияға қарсы қызмет тергеу бастайды. Сонымен қатар күнбағыс майын өндіретін және жеткізетін отандық жеті компания осындай хабарлама алды.

Еске салайық, биыл күнбағыс майы 6%-ке, ал тауық жұмыртқасы 11,5%-ке қымбаттады.

Қазақстанның  алтын-валюта қоры бір айда 800 миллион долларға қысқарды. Ақпан айының соңында активтер 34 миллиард 700 миллион долларды құрады. Ұлттық банктің хабарлауынша, қымбат металл құны 5%-ке төмендеді. Бағаның күрт құлдырауы айдың басында байқалған еді. 2020 жылдың мамыр айынан бері алтынның бағасы алғаш рет 1700 доллардан төмендеді. Бірақ қазір оның бір унциясы шамамен 1713 доллар тұрады. Қаржы реттеуші мекеме өкілдері бұл үрдістің бірнеше себебін атады. Бұл ақпандағы нарықтық жағдайдың құбылуы, сол кездегі доллардың нығайды және АҚШ-тың қазыналық облигацияларының табысы өсті. 

Валюта бағамына тоқталайық: доллар 420 теңге 64 тиын, еуро 500 теңге 52 тиын, рубль 5 теңге 69 тиын.