Нотариустар сенімхатқа енді ЭЦҚ арқылы қол қоюы мүмкін

Нотариустар сенімхатқа электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюы мүмкін. Сенімхатты енді бір жерден екінші жерге жіберу жеңілдей түспек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы уақытта сенімхатты бір жерден екінші жерге жіберу үшін пошта яки курьер қажет болмауы мүмкін. Бұл құжатқа электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қоятын мүмкіндік тумақ. Қалай дейсіз ғой, бұл процесс былай жүреді. Мәселен, сіз елордада бір құжатты рәсімдедіңіз делік. Ал оны Алматыға жөнелту қажет. Міне, осы орайда нотариус әлгі қағаздарды электронды нұсқаға аударады. Сөйтеді де, оған өзінің электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы қол қояды. Содан соң құжатты бірыңғай ақпараттық жүйеге жүктейді. Ал, Алматыдан құжатты алатын адам нотариусқа барып, әлгі жердегі базадан сенімхатты шығарып алады. Бұдан бөлек, азаматтар құжаттарын жоғалтып алса, оны іздеу де оңай болмақ. Бірақ әлгі қағаздар нотариуста рәсімделген болуы тиіс. Сол кезде жоғалған құжатты ақпараттық жүйеден алуға болады.

Әсел Жанәбілова, республикалық нотариалдық палата төрайымы:

- Барлық құжат біздің бірыңғай ақпараттық жүйедегі цифрлық кеңістікте болады. Әрбіріне QR код беріледі. Тиісінше жүйе құжаттардың жалған емес екеніне жауап береді. Мысалы, сіз банкке барсаңыз, ондағы қызметкер біздің ақпараттық порталға кіріп, код арқылы құжатты тексере алады.

Электронды сауда-саттық 82% өсті

Былтыр ел тұрғындары онлайн түрде 596 миллиард теңгеге тауар сатып алған. Осылайша 2020 жылы электронды сауда-саттық көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 82 процентке өсті. Әсіресе, үшінші тоқсанда тауарға қашықтан тапсырыс беру жиілеген. Өз кезегінде бұл нарықта бәсекелестік артып, қызмет көрсету сапасы жақсара түскен. Тауар үшін ақша төлеу мен сол затты жеткізіп беру біршама жеңілдеген. Бұл тапсырыс берушілер тарапынан оң бағаланып, нәтижесінде онлайн сауданың тасы өрге домалады. Атап өтейік, ел азаматтарының дені тапсырысты телефон арқылы береді. Былтыр бір адам қашықтан орташа есеппен 23 мың теңгеге сауда жасаған.

Brent маркалы мұнай қымбаттады

Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 2020 жылдан бері алғаш рет 70 доллардан асты. Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың мамыр айындағы фьючерстерінің бағасы 1,64 процентке өсіп, барреліне 70,5 долларға жетті. Соңғы рет Brent маркасының баррелі 70 доллар шамасында биылғы қаңтар айында болған еді. Атап өтейік, сәуірде еліміз бен Ресей мұнай өндірісін ұлғайта алады. Ал ОПЕК-ке мүше өзге мемлекеттер керісінше қара алтынды аз көлемде өндіреді. Бұл өз кезегінде бізге пайдалы болары анық.

Доллар арзандауы мүмкін

2021 жылдың аяғына дейін мұнай бағасы 70 доллар шамасында тұрақтаса, доллар 375-ке дейін түсуі мүмкін. Бұл болжамды Ренессанс Капиталының Ресей және ТМД бойынша экономисі София Донец айтыпты. Мұны «Егемен Қазақстан» жариялады. 2021 жылы ЖІӨ-нің өсімі 5,3 процент болады деген болжам наурыз айының басынан бері айтылып келеді. Сонымен қатар экономист мұнай бағасының жақында көтерілуі валюта бағамына әлі толық әсер етпегенін айтқан. Егер теңге нығайса Ұлттық қордағы ақша 40 процентке дейін үнемделмек. Бұл дегеніміз бюджеттік саясатта биыл оң өзгерістер болады. Ал Ұлттық қор 2022 жылы толыға түспек. Донецк биыл жыл соңына қарай инфляция 5 жарым процентке дейін баруы мүмкін екенін де болжаған.

Осы тұста валюта бағамына да тоқтала кетейін. Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары бүгін 419 теңге 66 тиын болып тұр. Еуро 500 теңге 44 тиынға тең. Ал рубль 5 теңге 62 тиын.

Сондай-ақ...