Еліміздегі банктерді бақылау жаңа әдіспен жүргізіледі

Биыл Еуразиялық даму банкіне мүше мемлекеттердің экономикасы қалпына келе бастайды. Қаржылық ұйым сарапшылары осылай болжам жасады. Былтырғы жылдың соңына қарай шикізатты әлемдік нарыққа жеткізу, металдар мен энергия ресурстарының қымбаттауы сынды активтер инфляциясы байқалды.

Жалпы әлемдік нарық барлық елдегі бағаға әсерін берді. Тасымалдың тоқтауы да жағдайды қиындатқан. Ал биыл бағаны түсіру назарға алынады. Әзірге қызмет көрсету саласы шектеулердің кесірінен зардап шегуде. Дегенмен, өндіріс қарқынды. Былтыр ғана мемлекеттердің ЖІӨ 3 процентке түскен болса, биыл 3,3 процентке артады. Әсіресе Қазақстан мен Ресейдің көрсеткіші айтарлықтай. ЖІӨ шамамен 4 процентке жетеді. Армения, Қырғызстан, Тәжікстанға ақша аударымы бойынша қолдау қарастырылған. Ал Беларусьтің экономикасы алдағы уақытта пандемияға дейінгі көрсеткіштен де төмен болады. Дүниежүзілік банк сарашылары да өз болжамын ұсынды. Оған сай еліміздің экономикасы биыл 3,2 процентке өседі. Инфляция да 6 проценттен жоғары болатын түрі бар.

Евгений Винокуров, Еуразиялық даму банкінің бас экономисі:

- Біздің болжамымызға сай Қазақстан экономикалық өсу көрсеткіші бойынша алда тұр. Қазірдің өзінде елдегі өсім 4 процентке жетті. Яғни Қазақстан еуразиялық өңір экономикаларының ішінде ең бірінші болып дағдарысқа дейінгі деңгейге шығады. Қиындықтардың бәрін осы жылдың төртінші тоқсанында еңсереді. Ал келесі жылы біз ЖІӨ 4,5%-ке өседі деп болжап отырмыз.  

Ұлттық валюталар мұнай мен металл бағасына қарай құбылады. Еуразиялық даму банкінің болжауынша, доллар бағамы биыл 421 теңге 60 тиын шамасында болады. Қаржылық ұйымға мүше мемлекеттер пандемия жағдайындағы өмірге бейімделді. Тәуекелдерге қарамастан экономиканы өсіру басты орында. Қаржылық ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы қарызы 45,4 млрд долларға жетті. Еуразиялық даму банкінің жинақталған инвестициялық портфелі 10 млрд долларды құрайды. Оның ішінде Қазақстан мен Ресейге – 3,8 млрд доллар, Беларуське 2 млрд доллар тиесілі.

Биыл еліміздегі әрбір банктің тәуекелдері бағаланатын болады. Бұл туралы қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова хабарлады. Бұл үшін еуропалық SREP әдісі қолданылады. Аталған әдіс бойынша қаржылық ұйымдардың капиталы, таратылуы қаупі қаперге алынады. Тексеруге бағалаушылар тартылмайды, агенттік AQR элементтерін қолдану арқылы әрбір екінші деңгейлі банкті өзі бағалайтын болады. Бүгінде еуропалық орталық банк қолданатын амал сенімді әрі нәтижелілігін дәлелдеп үлгірген.

Былтыр қытайлық Huawei компаниясының таза кірісі 10 млрд долларға жуықтады. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 3,2% артық. Кәсіпорынға түскен түсім 136 млрд доллар болды. Бірақ операциялық кіріс шамамен 7 процентке төмендеген. Сөйтіп, 73 млрд юань, яғни 11 млрд доллардан асты. Түскен қаражаттың 16 проценті зерттеу және өндіру жұмыстарына жұмсалды. Бұл 21 млрд доллар.

Қытай билігі арнайы биржа құрмақшы. Бұл туралы Рейтер агенттігі хабарлады. Онда АҚШ пен Гонконгқа тауар тасымалдап отырған жергілікті кәсіпорындармен бірге Apple мен Tesla-ның бөлімшелері кіре алады. Үкімет бастамасын құнды қағаздарды реттеу агенттігіне ұсынған. Бұл арқылы ірі жаһандық компанияларды тартуды көздеп отыр. Бұған дейін америкалық сауда алаңдарында қытайлық акциялардың сатылуына тыйым салынған болатын. Енді Қытайда ірі компаниялардың бөлімдері құрылуы тиіс. Онда құнды қағаздар орналастырмақ. Бүгінде Шанхай мен Шыңжаңда негізгі биржалар шоғырланған. Оның капиталы 12 трлн долларға жеткен. Ал жаңа биржа Бейжің қор биржасы аясында құрылады деген болжам бар.  

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар 424,89 теңге, еуро 498,31 теңге, Ресей рублі 5,62 теңге.