Биыл елімізде мемлекеттік бюджет шығыны көбейді

Мемлекеттік бюджет шығыны көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл ол 6,6 трлн теңгені құрады. Бұл жылдағы көрсеткіштен 9%-ке көп. Қазына қаржысы негізінен әлеуметтік саланы дамытуға жұмсалған.

Құрылыс нарығындағы қымбатшылықты айттық. Шикізат көтерілсе, баспана бағасы да шарықтауы заңдылық. Десе де, мемлекеттік бағдарлама аясында салынатын тұрғын үйлердің құны анау айтқандай өзгермейді. Бұл туралы Индустриалды-инновациялық даму министрлігі мәлімдеді. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын елдегі құрылысшылар шикізат бағасының шарықтағанын айтып, дабыл қаққан. Олардың сөзінше, қазіргі жағдайдан соң жыл басында жасалған келісімшарттың құны көк тиын болып шыға келді. Салдарынан шаш етектен шығынға батып жұмыс істеуге мәжбүр. «Құрылыс тұралап қалсын демесе билік келісімшартты қайта қарап, қосымша қаржыландыру тетіктерін енгізуі керек» деген тілек айтты. Алайда, ведомствоның бұған өз есебі бар. Қазір бастапқы және қайталама нарықта үйдің шаршы метрі 268-338 мың теңгеден саудалануда. Ал жаңа үйді салуға кететін шығын шамамен 117 мың теңге төңірегінде болады. Бұл белгіленгенен межеден төмен. Демек, мердігерлерге өз міндетін атқаруда еш кедергі жоқ пікірде.

***

Бюджет қаржысы қайда жұмсалады?

Елімізде мемлекеттік бюджет шығыны 6,6 трлн теңгеге жетті. Бұл жылдағы көрсеткіштен 9%-ке көп. Қаражаттың дені әлеуметтік салаға жұмсалған.

Оның үлесі 1,7 трлн теңге шамасында. Сондай-ақ білім саласын дамытуға 1.4 трлн, денсаулық сақтау саласына 805 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған.

Бұдан өзге, реформалар жөніндегі Жоғары кеңес бекіткен 10 негізгі ұлттық жобаны іске асыру міндеті тұр. Үкіметтің есебінше, осы үшін жыл сайын қазынадан 15 триллион теңге шығындалады.

***

816 мыңнан астам қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алды

Бюджет шығындарының дені әлеуметтік салаға жұмсалғанын айттық. Осы орайда биыл 816 мыңнан астам қазақстандыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын да тілге тиек ете кетейік. Бұл мақсатқа 122 млрд теңгеден аса қаржы арналды. Атаулы әлеуметтік көмек отбасының табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 70%-інен төмен болған жағдайда беріледі. Бұған қоса, аз қамтылған отбасы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет үлестіріледі. Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда оны елдегі 1-ден 6 жасқа дейінгі 200 мыңнан астам бала алған.

***

Жалған ақша жасайтындарға құрық бойламай тұр

Биыл алты айда қолдан жасалған 336 банкнот айналымнан алынды. Немесе бұл шамамен 1 млн теңге деген сөз. Дені 2 және 5 мың теңгеліктер. Қылмыстың мұндай түрі әсіресе, Алматы мен Нұр-Сұлтанда тіркеледі. «Осыған байланысты азаматтар қолма-қол есеп айырысарда аса сақ болғаны жөн», - дейді маман. Ал жалған қағазды анықтаудың ең қарапайым әдісі - саусақпен ақшаның бетінде бедері бар-жоғын тексеру. Айта кеткен жөн, Ұлттық банктің құнды қағаздары мен тиындарын қолдан жасау, сақтау және өткізушілерге мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

***

Мұнай бағасы арзандады

Қара алтында құн қалмай барады. Кеше Лондон биржасында Brent маркалы мұнай барреліне 70 доллардан төмен сатылды. Мұндай баға маусымнан бері тұңғыш тіркеліп тұр. Ал WTI маркалы мұнайдың құны 69 доллар деп белгіленді. Мамандар оған әлемде эпиджағдайдың қайта ушығуы мен ОПЕК+ елдерінің соңғы келісімі әсер етті деген пікірде.

Еске сала кетейік, ұйымға мүше елдер тамыздан бастап мұнай өндірісін тәулігіне 400 мың баррельге жеткізуге уағдаласты. Қазақстан үшін ол ай сайын тәулігіне 16 мың баррель болады. Сарапшылардың пайымынша, жыл соңына дейін елде жоспарланған көлемнен миллион тонна артық қара алтын өндіріледі.