Күнделікті қажет заттар шығаратын кәсіпкерлерге төмен процентпен несие беріледі

Президент биылғы жолдауында қарапайым заттар экономикасы мен «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын тағы бір жылға ұзарту туралы тапсырған еді. Кеше Үкімет отырысында ұлттық экономиика министрі бұл тапсырманы орындау үшін бір триллион теңге қарастырылғанын мәлімдеді. Қаржы Ұлттық банктен бөлінеді. Ал шаруаларға екінші деңгейлі банктер мен агрокредит корпорациялары арқылы беріледі. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда 1 триллион теңгенің 300 миллиарды Агроөнеркәсіп кешенінде өңдеу саласына, тағы 300 миллиарды өндіріс саласын дамытуға жұмсалады. Қалған 400 миллиарды өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласына беріледі.

Енді «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша берілген қаржы қалай жұмсалатынына тоқталып өтейік. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда қолдау несие процентін субсидиялап, қарызды кепілдендіруге бағытталады. Осылайша кәсіпкер екінші деңгейлі банк немесе агрокредит корпорациясынан 6 процентпен 10 жыл мерзімге несиені алуға мүмкіндігі бар. Карыз сомасына шектеу қойылмаған. Ал бизнестің жол картасы бағдарламасы бойынша қаржылық және сауаттылық қолдау жасалады. Бұл бағдарлама бойынша да қарыз 6 процентпен беріледі. Бірақ бес жылға және несие сомасы 7 миллиард теңгеден аспауы тиіс. Қаржылай емес қолдау бойынша кәсіпкерлікті жүргізу жолдары үйретіледі.

Айта кетейік, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында елде 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. 70 мың жұмыс орыны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. Ал «бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді.