Ең жоғары жалақыны атыраулық құрылысшылар алады

Биыл елде құрылысшылардың жалақысы 32 жарым процентке өскен, деп хабарлайды Хабар 24.

Finprom сайтының дерегінше, орташа жалақы 314 мың теңге шамасында. Ал ең жоғары жалақы 465 мың теңгеге жеткен. Оны Атырау облысының құрылысшылары алады. Сондай-ақ Маңғыстау мен елордада көрсеткіш деңгейлес. Ал құрылыс саласында ең төменгі жалақы Қызылорда облысында төленеді, 167 мың теңге. Дегенмен лайықты ақыға қарамастан биыл елде кадр тапшылығы байқалды. 2020 жылмен салыстырғанда нарықтағы бос жұмыс орынының саны 53%-ке артқан.

Негізгі жұмыс іздеу жүйелерінің хабарлауынша, бұл елдегі жылжымайтын мүлікке сұраныстың артуына байланысты.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСКЕ ЖЕҢІЛДІК

Биыл 553 шағын және орта бизнес субъектісінің несие төлеу мерзімі ұзартылды. Бұл жайында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайлов депутаттық сауалға жауабында айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шағын және орта бизнес өкілдерінің қарызын кейінгі қалдыру туралы шешім шығарды. Ол бойынша  жеке кәсіпкерлерге биыл 1 сәуір мен 30 маусым аралығында алған несиесін өтеуді кейнгі шегеру мүмкіндігі берілді. «Берешекті төлеу кәсіпкердің таңдауы бойынша 30 күннен 90 күнге дейінгі аралықты қамтыды. Қарыз алушыға қатысты талап-арыз жұмысын жүргізу мен мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарлама тарату, сондай-ақ борышкерден комиссия алу тоқтатылды», – деді Әлихан Смайлов. Осы орайда екінші деңгейлі банктерге сала өкілдерінен  барлығы 603  өтінім түскен. Нәтижесінде 553 шағын және орта бизнес субъектісінің 9,7 млрд теңге қарызды төлеу мерзімі ұзартылған. Ал микроқаржылық ұйымдарға 131 өтінім түсті. Соның  95-і жалпы сомасы 105 млн теңгеден асатын несиені кейін төлеу құқына ие болды.

ШЕТЕЛДІК ИНТЕРНЕТ КОМПАНИЯЛАРҒА САЛЫҚ САЛЫНАДЫ

Келер жылдан бастап Қазақстан аумағында тауар сатып, қызмет көрсеткен шетелдік интернет компанияларға салық салынады. Салық мөлшері сауда көлемінің 12 проценті шамасында болады. Алайда мұның отандық саудагерлерге қатысы жоқ. «Төлем тәртібі өте қарапайым. Оңайлатылған тәртіпте салық органдарына хат жолдап, оны төлеуге дайын екендігі туралы хабарлайды» делінген министрлік таратқан ақпаратта. Шетелдік интернет компаниялар аударған сомалар екінші деңгейлі банктердің деректері негізінде жүзеге асырылады. Бұл – халықаралық практика.  Оны енгізуде  Еуропа мен  Ресей,  Беларусь елдерінің  тәжірибесі зерттелген. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша, жаңа салық есебінен бюджет бүйірі жылына 2 млрд теңгеге молаюы тиіс.

МАЙНЕРЛЕРГЕ ТЫҚЫР ТАЯНДЫ

Қазақстандағы криптовалюта өндірушілеріне тықыр таянды. Bloomberg басылымы жариялаған мақаладағы ой осыған саяды.

Автордың сөзінше, оған ел Үкіметінің энергия тұтынушыларға қарсы шара қолдануы себеп. Олай етпесе, басқа амал қалмағандай. Елде энергия тапшылығы сезілді. Естеріңізде болса, қазан айында елдегі ең ірі электр таратушы станция техникалық ақауларға байланысты мың мегаватт қуат блогынның жұмысын тоқтатты. Ол елдегі электр қуатының 5 процентін өндіретін. Сондай-ақ электр қуатына сұраныс өсті. 9 айда тұтыну көлемі әсіресе халық көп шоғырланған Алматы облысында күрт  көбейген. Басым бөлігін криптоөндірушілер жаратқан. Біздің ел тариф құны төмен болуынан майнерлер ауыз салған жалғыз мемлекет емес. Исланданияда тап осы жағдай орын алды.  Ал тамызда Қазақстан биткоин өндіру бойынша Ақш-тан кейін екінші орынға шықты. Оған Қытайда кәсіптің бұл түріне қатаң шектеу енгізу әсер еткенге ұқсайды.