Жаңа жылда дастарқан жаюға қанша ақша кетеді?

Қазақстандықтар жаңа жылда дастархан жаюға орташа есеппен 62 мың теңге жұмсайды. Ал сыйлық алуға 25 мың теңгеден аса қаржы шығындайды. Мұндай мәліметті Datametrics сарапшылары жария етті. Сауалнама барысында айлық табысы 100 мыңнан төмен отбасылар мерекелік ас мәзіріне 43 мың теңге, ал жалақысы 300 мыңнан асатындар 79 мың теңге қаржы шығындауға дайын екенін айтқан. Сұралушылардың тек 3 проценті ғана Жаңа жылды қонақта немесе мейрамханада қарсы алатынын жеткізген. Қалғаны үйлерінде атап өтпек. 

Елде бензин бағасы 25 процентке көтерілуі мүмкін. Мұнай-газ саласының мамандары осындай болжам жасады. Жалпы жыл басынан бері бензин онсыз да 30 процентке қымбаттаған. Мәселен, АИ - 92-нің құны елордада 150 теңгеден 189 теңгеге көтерілді. Оған себеп мұнай өңдеу зауыттарының отынды көрші елдерге сатуы.

Компания өкілдерінің айтуынша, Ресейде АИ 92 маркалы бензин бір жарым есе қымбат саудаланады. Бұл өз елімізде тапшылық туғызды. Тығырықтан шығудың жалғыз амалы бағаны өсіру болып тұр, дейді мамандар. Қазақстан қазір бензині арзан он елдің қатарына кіреді. Алайда жағдай жақын арада тұрақталмаса, тізімнен шығып қалуымыз әбден мүмкін екен.

Жаңа көлікті қайдан табамыз?

Тек бензин ғана емес, елде жаңа көлік те тапшы. Автобизнес қауымдастығының өкілдері мәселе ушығып барады, дейді. Айталық, былтыр 10 айда 60 мың автокөлік сатылса, биыл жүз мыңнан асқан. Сұраныс өскенмен, оны қанағаттандыру жағы қиын боп тұр. Тұрғындар темір тұлпарды алу үшін алдын ала төлем жасап, кезек күтуге мәжбүр. Сарапшылар мәселенің себебі Қытай, Жапония сынды негізгі автоөндіруші елдермен жүк тасымалының нашарлауында деп есептейді. Тағы бір жайт, биыл әлемде көлікке қажет автобөлшектер өндірісі азайып кетті. Бұл да салаға салқынын тигізді.

Малшыдан ұры көп

Елде мал ұрлығы тыйылмай тұр. Жыл басталғалы 436 млн теңгенің малы ұрланған. Осы қылмыс бойынша 779 адам ұсталыпты. Бұл жылдағынан 10 пайызға көп. Қылмыскерлердің дені жұмыссыздар. Сондай-ақ жеті кәсіпкер мен он төрт бозбала, екі мемлекеттік қызметкер жауапқа тартылған. Ұрлық көбіне Алматы облысында жасалады. Мұнда жыл ішінде 415 дерек тіркелді. Түркістан облысы (220) мен Шығыс Қазақстан облыстарында (201) да жағдай көңіл көншітпейді. Ал Нұр-Сұлтан қаласы ұрлық ең аз анықталған аймақ. Небәрі 2 дерек мәлім болды. Айта кетейік, қазір елде бөтеннің малын қолды қылғандарға тағайындалатын ең ауыр жаза мүлкін тәркілей отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру. 

«Тілашарға» тарту

Ұлттық банк балалар бейнеленген жаңа монеталарды жарыққа шығарды. Әзірге қашан сатылымға түсетіні белгісіз. «Тілашар» деп аталатын 500 теңгелік тиын ақша күмістен, 100 теңгелігі мельхиордан және нейзильберден құйылған. Ұлттық нақышта әспеттелген монеталар, аты айтып тұрғандай, қазақы жөн-жоралғыдан хабар береді. Оның сыртқы бетінде Елтаңба бедерленсе, жан-жағында латын қаріптерімен жазылған Қазақстан Республикасы деген жазуды оқуға болады. Ал ішкі жағынан мектеп, кітап және бүлдіршіндердің суретін көресіз.