Шетел валютасын сатып алу тәртібі өзгерді

Елде шетел валютасын сатып алу тәртібі өзгерді. Ұлттық Банк тиісті жобаны дайындап, қоғамдық талқылауға шығарған еді. Жаңа ережеде ақша айырбастау орындарының иелеріне талап қатаңдатылған. Осылайша көлеңкелі нарықта ақша айырбастайтындармен күрес күшейді.

Айталық, 500 мың теңгеден аса соманы өзге валютаға ауыстырарда жеке мәліметіңіз арнайы тізімге енгізіледі. Бұдан бөлек, қаулыда оффшорлық аймақтағы азаматтарға елдегі валюта пункттеріне келуге шектеу қойылған.

 

КРЕДИТ АЛУ ҚИЫНДАЙ МА?

Несие алудың машақаты көбейетін түрі бар. Үкімет те осы мәселеге назар аударды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, енді несие алушының тұрақты табыс көзі туралы ақпарат жіті тексерілмек. Ал банктер тек нақты дерекке сүйене отырып, қарыз береді. Мұндай талап тек банктерге ғана емес, елдегі шағын қаржылық ұйымдарға да қатысты. Себебі тәуекел етіп, қарыз алатындар кейін онысын қайтара алмай жатады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында осы мәселеге ерекше тоқталған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қаржы жүйесінің тұрақтылығы экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін. Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ бұл тығырықтан шығаратын жол емес. Ең алдымен шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау керек. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен пруденциалды реттеу тетіктері арқылы нақты шешім қабылдауды тапсырамын.

Сондай-ақ қомақты соманы оп-оңай беріп қойып, кейін оны жоғары үстеме ақымен қайтарып алатын қаржылық ұйымдарға бақылау күшейеді. Бұл ретте пайыздық мөлшерлеме қайта қаралмақ.  

Мақсат Халық, экономист:

– Мәселені шешудің ең негізгі жолы, жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң қабылдануы керек. Байқағанымыздай, банктер қазір көп ойланбайды. Борышкер туралы ақпаратты бірден коллекторлық ұйымға бере салады. Коллекторлар, сот орындаушылар азаматтардың бүкіл шотын бұғаттап тастайды. Соның салдарынан өте үлкен әлеуметтік шиеленістер туындап жатыр.. Бірінші кезекте, осы Заңды қабылдау керек. Екінші кезекте, халықтың табысын арттыру мәселесі тұр. Халықтың табысын арттыру, жұмыспен қамтамасыз ету – қазіргі күннің негізгі талабы. Ал үшінші мәселе – банктердегі несие пайызын түсіру. Бұл бағытта нақты жұмыс жүргізілуі керек деп есептеймін. Өйткені біздегі несиелердің пайызы әлдеқайда жоғары.

Нарық кз сайтының хабарлауынша, қазіргі таңда жеке тұлғалардың банкке берешегі 10 трлн  теңгеден асқан. Өткен айда шетел валютасындағы несие 3,9 пайызға, ұлттық валютадағы кредит 3,7 пайызға ұлғайды. Қарыздың көбі ұзақ мерзімге алынған.

Мақсат Халық, экономист:

– Қазір заңсыз жұмыс істеп жатқан қаржылық ұйымдар бар. Яғни, қаржылық қадағалау агенттігінен рұқсат алмай, несиелік операцияларды жүргізе береді. Міне, соларды әшкерелеп, қызметіне тыйым салатын уақыт жетті.

Банктердің шырмауына түсіп қалмауға азаматтар да мүдделі болуға тиіс. Яғни, несие аларда қаржылық жағдайыңызды жан-жақты саралап барып, шешім қабылдаңыз. Себебі қарыз қашан да күліп келіп, жылап қайтады, дейді экономист Мақсат Халық.

БИЗНЕСКЕ 93 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСА ШЫҒЫН КЕЛДІ  

Ал кешегі бүліктен елдегі бизнеске 93 млрд теңге шығын келген. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы осындай дерек келтірді. Бұдан бірер күн бұрын шығын сомасы 100 млрд теңгеден асқаны айтылған еді. Алайда кей бизнесмендер мемлекеттен көмек алудан бас тартқан.  Зардап шеккен бизнес өкілдеріне көмек көрсету үшін «Күшіміз бірлікте» қоры ашылғанын еске салайық. Бүгінде оның есепшотына 1 млрд теңге жинақталды. Қордағы ақшаның түсуі және бөлінуі ашық болатынына кепілдік беріледі. Жиналған қаражат Алматы қаласы мен өзге де аймақта зардап шеккен кәсіпкерлерге арнайы комиссияның шешімінен кейін бөлінеді.

Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары

– Ең бастысы, комиссия мұны бекіту қажет. Иә, зардап шекті, осыншама сомаға, одан басқа құқықтық органдардың жүргізетін жұмысы бар. Осы жұмыстар жасалмайынша, өз жұмысын бастауға болмайды. Ал өз жұмысын бастап кеткен кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көмек көрсетуге мүмкіндік болмайды. Бұл заңға қарама-қайшы болып тұр.