Ақшаның офшорға кету қаупі күшті болып тұр

Офшормен күрес бойынша халықаралық операция барысында сыртқы экономикалық үрдістерге қатысушылардың құқығы тапталмайды.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты. «Өз клиентіңді таны» принципі әлемдік тәжірибеде жемісін берген. Сондықтан мамандар қабылданған шаралардың нәтижелі боларына сенімді. Мұндай бастама азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуді арттыру бағытында мемлекетке тиесілі қаражатты заңсыз шығаруға тойтарыс беру үшін қолға алынды. Кеше Мәжіліс АҚШ-пен келісімді мақұлдады. Ол арқылы қазақстандық заңды және жеке тұлғалардың америкалық банктерде ашылған шоттары жайлы хабар алып отырамыз. Офшорлық аймақтардың ел үкіметінің назарына ілінуі бірінші рет емес. Бұған дейін де қазақстандық шенеуніктер мен олардың туыстарына шетелден есеп-шот ашуға тыйым салынатыны айтылды. Әдетте офшорлық аймақтардағы шоттардың дені елге түсетін салықтан жалтару үшін ашылған. Дегенмен, террорлық ұйымдарды қаржыландыру да себеп болуы мүмкін. Халықаралық сарапшылар егемендік жылдары 160 млрд доллардан аса қаражаттың офшор асырылғанын айтады. 2020 жылы қара тізімдегі офшорлық мемлекеттер саны 50-ден асқан. Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі 60-тан астам лицензиялық аймақты белгіледі. Онда кейбір ұлттық компаниялар долларлық табысын сақтайды. Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев соңғы 5 жылда ірі көлемдегі соманы шетелде заңсыз сақтағандарға қатысты 250 қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Экономистердің енді бірі жазаны қатаңдатуды сұрайды.

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:

- Елде 12 жылдан бері арнайы заң бар. Бірақ оны елемейтіндер де жоқ емес. Міне Президент те өз сөзінде оған қатты тоқталды. Өйткені Алматыдағы жағдай деструктивті және террорлық ұйымдарды қолдап отырған азаматтардың бар екенін көрсетті. АҚШ-тан бөлек Еуроодақ сынды офшорлық елдер ратификация аясында біздің Үкіметке есеп беріп отыруға құқылы. Қаржы министрлігі осы мәселемен айналысады. Ол шетелдегі қазақстандықтардың активі жайлы ақпарат сұратуға құқылы.

Былтыр халықаралық ақша аударымы артты

Былтыр отандастарымыз қаражатының үштен бір бөлігін шетелге жіберген. Он айда 835 млрд теңгедей халықаралық ақша аударымы жүргізілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 31 процентке артық. finprom.kz порталы хабарлағандай елден сыртқа жөнелтілген ақша 3,6 есе көп. Жиыны 234 млрд теңге аударылған. Қаражаттың дені Өзбекстан мен Түркияға түсті. Тізімді Ресей мен Қырғызстан жалғайды.

Қай елдің мысы басым?

Алдағы екі жылда еуроаймақтың ЖІӨ-і АҚШ-ты басып озады. Goldman Sachs сарапшысы Свен Яри Стеннің пікірі бұл. Көрсеткішке пандемияның әлсіреуі мен өңірдегі жеңіл ақша-несиелік саясаты әсер етеді. Биылдың өзінде Еуропаның 19 еліндегі экономикалық көрсеткіш 4,4 процентке өседі. Ал АҚШ-тағы ЖІӨ 3,5%-ке артпақ. Келесі жылы еуроаймақ 2,5% көрсетсе, АҚШ - 2,2%-ке теңеседі. Коронавирустың жаңа штамы пайда болғалы еуропалықтар шектеуді күшейткен жоқ. Оған қоса Үкіметтер таяу жылдары түрлі жобаларды жүзеге асыруға қомақты қаржы бөлмек. Мұнда Еуропалық одақты қалпына келтіру бойынша ортақ қордағы ақшаны бөлу үрдісі жүріп жатыр. Қазір онда 750 млрд еуро бар. Алайда сарапшы Джо Байденнің 1,8 трлн долларлық Build Back Better бағдарламасының сәтті өтеріне күмән келтірді. Ал бүкіләлемдік банктің есебінше, биыл Қазақстанның ЖІӨ 3,7 процентке дейін  артады. Келесі жылы өсім 4,8% болмақ. Бұл "Әлемдік экономиканың әлеуеті" баяндамасында келтірілген дерек. 

Бизнес бастау тиімді болмақ

Елімізде жеке бизнесін бастайтындар көбеюі мүмкін. Биыл кәсіпті дамыту үшін бөлінетін мемлекеттік грант 200-ден 400 АЕК дейін артты. Бұл дегеніміз 1,2 млн теңге. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша мемлекеттік қолдауға ие болатын әрбір үміткердің бизнес жобасы жіті тексерілетін болады. Жалпы елімізде идеясы көп, бірақ оны жүзеге асырар шамасы болмай жүрген жандар баршылық. Мамандар шағын бизнесті дамытуға кедергі жоқтығын айтады. Түрлі жобаларға қатысып, қайтарымсыз қаражат ұтып алуға болады. ШОБ жетілдіру үшін әкімдіктер жылына екі мәрте грант ұсынады. Жалпы өңірде ешқашан болмаған, алайда пайдасы орасан инновациялық жоба ұсынсаңыз, қолдауға дәл сіз ие боларыңыз даусыз.