Қазақстанда несиеге көлік алатындар көбейді

Көлік тапшылығы мен қымбатшылыққа қарамастан елде автонесиелеу көрсеткіші артты. Былтырғы есеп бойынша өсім 1 жарым есеге жетті.

Осылайша, азаматтарға көлік алуға берілген кредиттің жалпы сомасы 592 млрд теңгеден асты. Соның ішінде жаңа көлікті сату жағдайы 30 пайызға көбейген. Ал 11 айда тіркелген автөлік саны керісінше, бұған дейінгі деңгейден 1,3 пайызға төмендеген. Мамандар бұған қайталама нарықтағы ахуал әсер етті дейді. Нарықтағы жағдайға елдің қызығушылығын тудырған «Жеңілтетілген автонесиелеу бағдарламасы» оң әсер етеді деген үміт бар. Жуырда индустрия және инновациялық даму вице-министрі Марат Қарабаев Роп-тың қаражаты есебінен жобаны қайта іске қосу көзделіп отырғанын айтты. Бұл мақсатқа шамамен 200 млрд теңге бағытталады. Вице-министрдің сөзінше, жаңарған бағдарламаның шарттары да анағұрлым тиімді болады. Несие тек белгілі бір сомадағы бюджеттік көліктерге рәсімделеді. Ал автоқауымдастық мамандары жобаны әзірлеуде несие мерзіміне баса мән берген жөн дейді. Ай сайынғы төлем халықтың қалтасына салмақ салмас үшін автонесиені кем дегенде 7 жылға есептеуді ұсынып отыр.

МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДА ШЕТЕЛДІК ТАУАР ТҮРЛЕРІ ҚЫСҚАРДЫ

Мемлекеттік сатып алу тізімінен кей шетелдік тауар түрлері алынып тасталды. Үкімет тиісті қаулыны бекітті. Бұл ішкі нарықты бәсекелестіктен қорғап, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында жасалған. Ұлттық режимнен шығып қалған тауарлардың атауы Индустрия және инновациялық даму миинстрлігінің сайтында жарияланған. Дені жеңіл, жиһаз және машина жасау өнеркәсібіне кіреді. Жаңа ереже 2 жыл күшінде болады.

АЯҚ КИІМДІ ТАҢБАЛАУ ЖЕҢІЛДЕДІ

Қазақстан мен Ресей аяқ киімді таңбалау кодтарын өзара мойындайды. Демек, енді отандық импорттаушылар көрші елдің өнімін еш қиындықсыз сатып ала алады және ел аумағына кіргізерде қайта таңбалаудың қажеті жоқ. Дәл осы ереже тауар экспорты кезінде де сақталады. Ай соңына дейін тізімді Беларусь Республикасымен толықтыру көзделген.

Еске сала кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ аясында аяқ киімді міндетті таңбалау мен бақылау тәртібі біздің елде былтыр қарашада қолға алынды.

ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА КВОТА АЗАЙДЫ

Биыл еңбек мигранттарына бөлінетін квота азайды. Ол елдегі жұмыс күшінің 0,31 пайызы немесе 28 мың 352 адамды құрауы тиіс. Квота 4 санат бойынша беріледі: бірінші санатқа 1 243 рұқсат. Оны басшылар және олардың орынбасарлары алады. Екінші санат бойынша 6 499 рұқсат. Ал ең негізгі, үшінші және төртінші санаттарға – 13 887 және 3 421 рұқсат қарастырылған. Сондай-ақ биыл маусымдық жұмыстарға 3 302 адам тартылуы мүмкін. Былтыр жергілікті атқарушы органдардар 18 мыңнан аса жұмысшыны шеттен алғызуға рұқсат берген. Бұл белгіленген квотаның 64 пайызы. (( 29 мың 300 адам). Демек, министрлік берген квотаны әкімдіктер толық пайдаланбаған. Ал 1 қаңтардағы есеп бойынша, бүгінде ел аумағында 14 932 шетелдік азамат еңбек етіп жатыр. Олардың бірқатары қаңтар оқиғасынан соң Отанына қайтуды жөн санапты.

ҮНДІСТАН ЦИФРЛЫҚ ВАЛЮТАҒА КӨШЕДІ

Биыл Үндістан цифрлық валютасын айналымға енгізеді. Осы елдің қаржы министрі Нирмала Ситараманның айтуынша, жаңа үлгідегі валюта экономикаға соны серпін беріп, валютаны басқарудың тиімді әрі арзан жүйесін қалыптастырады. Ал одан түсетін пайдаға 30 пайыздық салық салынбақ. Қазір бұл заң жобасын Үндістанның Орталық банкі қарастырып жатыр. Бұған дейін Қытай да цифрлық юань шығаратынын мәлімдеген еді. Үндістан мен Қытай алпауыт елдердің арасында бірінші болып мұндай шешім қабылдап отыр. Сондай-ақ Франция, Канада, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка, Уругвай цифрлық ақша жасауға кірісті. Бұл қатарда біздің ел де бар. Былтыр Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізу бойынша пилоттық жобаны қолға алды. Ал оны айналымға шығару ісі 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін шегерілді.

Айта кетейік, цифрлық теңге қолма-қол ақшаны алмастыруға арналмаған. Мамандардың пайымдауынша, осы арқылы барлық операция мен транзакцияны бақылап отыруға мүмкіндік туады. Яғни, қаржы жүйесі барынша ашық болады.