Қазақстанда ломбард саны 80% азайды

Ел аумағында 608 ломбард жұмыс істеп тұр. Бұл былтырғы лицензиялаудан сүрінбегендері.

"Қазақстанның ұлттық ломбардтар лигасы" қауымдастығының төрағасы Роберт Абзалиловтың айтуынша, жыл сайынғы жаңашылдықтар мен заңдағы өзгерістер кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биыл да талапты күшейтпек ниетте. Яғни жаңадан ашылатын ломбардтың орналасқан жеріне қарамастан жарғылық капиталы 70 млн теңгеге теңесуі мүмкін. Қауымдастық жетекшісі мұны қисынға келмейтін бастама дейді. Өйткені шартты орындай алмаған кәсіпкерлер нарықтан кетуге мәжбүр. Шағын қаржылық ұйымдар үшін қомақты соманы жинау оңай іс емес. Әзірге республикалық маңызы бар қалалар және облыс орталығы аумағынан тыс орналасқан ломбардтардың жарғылық капиталы 25 млн теңге. Роберт Абзалилов мұндай субъектілерге шағын несие мен қарыз беру талабы да күшейетінін айтты. Қазірдің өзінде ломбардтардың шығыны шаш етектен. Оған көп жағдайда шетелдік валюта мен биржадағы бағалы металл құнының құбылуы себеп. Тұтынушылардың қарызын кешіктіруі де жағдайды қиындатады. Мөлшерлеменің өзгере беруі, кірістіліктің төмендеуіне алып келеді. Жаңашылдыққа ілесу де ломбард иелеріне сынақ болып тұр.  

Роберт Абзалилов, "Қазақстанның ұлттық ломбардтар лигасы" қауымдастығы" ЗТЛ төрағасы:

- Біз өз өтінішімізді "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы мен қаржы нарығын реттеушіге білдірдік. Әзірге оң жауап алған жоқпыз. Кәсібін осы бағытта дөңгелеткісі келетіндер көп. Бірақ талаптың күшеюі мен заңдағы тұрақсыздық сенімді азайтып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, инвесторлардың қолдауынан қағыламыз. Қаңтардағы қиын-қыстау кезеңде Алматыдағы 8 ломбардтың 82 бөлімшесі зардап шекті. Келтірілген шығын 1,1 млрд теңге көлемінде. Қазір тергеу жүріп жатыр. Ол сома тағы нақтыланады. Кейін әкімдік шығынды өтеп береді. Бірақ жылдан жылға ломбард саны қысқарып жатыр. Бізге қолдау керек.