Санкциялар әсері: отандық өндіріске қауіп төнді

Рубль көз алдымызда құлдырап барады. Теңгені интервенция жасау арқылы Ұлттық банк әзірге ұстап тұр. Қазір 1 рубль 5 теңге, ал АҚШ доллары 490 теңгеден саудаланып жатыр. Алайда ірі шетелдік компаниялар бірінен соң бірі Ресейде жұмыс істеуден бас тартты. Енді көрші мемлекет елімізбен сауда-саттықты одан сайын жандандыра түсуі мүмкін. Бірақ оның ел экономикасына қандай әсері бар?

Қазір отандық импорттың 42 проценті Ресейге тиесілі. Рубльге байланып отырғанымыз сондықтан. Бірақ көрші елге салынған санкциялардың салдарынан арадағы алыс-беріс одан сайын артып кетуі мүмкін. Бұл ретте Ресейден бізге ағылатын тауар құны арзандайды. Алайда бұл жағдай отандық өндіріс үшін қауіпті. Сондықтан Ұлттық банк интервенция жасау арқылы арадағы тепе-теңдікті сақтап отыр. Әлемде қара алтын құны 2013 жылғы көрсеткіштен де асып барады. Дәл қазір брент маркалы мұнайдың 1 баррелі 116 теңгеден саудаланып жатыр. Алайда Үндістан отандық шикізатты алудан бас тартты. Елімізден экспортталған өнімнің 5 % осы елге сатылады. Бірақ оған Ресейге салынған санкциялардың қатысы жоқ. Осы тұста сарапшының пікірін тыңдасақ. 

БІРҚАТАР ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАР РЕСЕЙДЕ ӨНДІРІСТІ ТОҚТАТТЫ

Ресей нарығынан кетіп жатқан ірі шетелдік компаниялардың тізімі тағы да толықты. Атап айтқанда, АҚШ-тың мұнай газ компаниясы Эксон мобил - көрші мемлекетте мұнай мен газ өндіріс тоқтататынын жариялады. Жоспарланған 4 млрд доллар инвестицияны елге салудан бас тартты.  Француздық газ өндіруші Engie компаниясы да санкцияларды ұстанатынын мәлімдеді. Бұл кәсіпорын «Солтүстік ағын-2»  жобасының серіктесі. Бұған қоса Еуропалық одақ 7 ресейлік жетекші банкті Суифт жүйесінен ажыратты. 

ҚЫРҒЫЗ СОМЫ ҚҰНСЫЗДАНЫП БАРАДЫ

Рубльдің құнсыздануы қырғыз сомына да зардабын тигізді. Бұған дейін тұрақты болған валюта бірден 13 процентке құлдырады. Қазір 1 АҚШ доллары – 95 сом. Көрші мемлекеттегі жағдайға теңге бағамы да әсер етті. Өйткені Қазақстан Қырғызстанның негізгі сауда серіктесі.

ЕЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАУАРЛАР БАҒАСЫНА КӨҢІЛІ ТОЛМАЙДЫ

Ақпан айында еліміздің жылдық инфляциясы 8,7 процентке жетті. Көрсеткіш өткен аймен салыстырғанда біршама артты. Файненс телеграмм каналы азық-түліктің 10 процентке қымбаттағанын алға тартады. Ал, ел тұрғындары бұған не дейді? Осы тұста Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ел аумағында жүргізген сауалнамасына шолу жасасақ.

Зерттеулер халықтың тауарлар мен қызмет көрсету бағасына көңілі толмайтынын көрсетті. Сауалнамаға 18 жастан асқан 7 мыңға жуық респондент қатысқан. Олардың басым бөлігі соңғы айда ет бағасы қымбаттағанын растапты. Ас атасы нан мен ұнның бағасы да сауалнамаға қатысушылардың көңілінен шықпайды. Қалтаны қаққан өнімдердің тізімінде картоп пен сәбіз, қант жұмыртқа мен сұйық май бар.

Сонымен қатар, респонденттердің  жартысына жуығы табыс көрсеткішіне қанағаттанбайды. Медициналық қызмет пен жолдардың сапасы да тұрғындардың көңілінен шықпайды.

ТУРОПЕРАТОРЛАРДЫҢ KIDS GO FREE ЖОБАСЫНА КӨҢІЛІ ТОЛМАЙДЫ

Туристік операторлардың Кидс гоу фри жобасына көңілі толмайды. 17 жасқа толмаған балалар ел аумағында саяхаттау үшін ұшаққа тегін отырады деп шарқ ұрған  едік. Алайда қуанышымыз көпке созылмады. Депутат Зарина Камасова туроператорлар тарапынан жобаға қатысты көптеген шағым түскенін айтты. Өйткені балалардың ұшақ билетіне кеткен шығынын олар өз қалталарынан төлейді. Кейін құжатты тапсырған соң 45 күн ішінде кеткен шығынды мемлекет өндіріп береді. Бірақ құжат дұрыс рәсімделмесе онда олар шығынға батады. Сондықтан жобаны қайта қарап шығу қажет деп санайды- депутат. Әрі ата-аналар үшін де қажетті құжатты жинау тиімсіз.

Зарина Камасова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Туристік оператор билетті сатып алған кезде қаражат кері қайтатынына сенімді болу керек. Алайда баланың ата-анасы саяхатқа барып келгеннен кейін бірақ билетті өткізеді. Сосын барып 12 күннің ішінде мақұлдауды күтеді. Егер құжат дұрыс рәсімделсе онда 45 күннің ішінде туроператорға кеткен шығын өтеп беріледі. Ал ата-аналар  болса, көптеген анықтама қағаздарын нотариус арқылы рәсімдеу керек. Ол арзан емес қой? Осыдан кейін былай тегін билет алғанша төлеген артық дейсін.