Қазақстандықтар қоғамдық тамақтану орындарына баруды сиреткен

Бәріне себеп - қымбатшылық дейді сала мамандары.

Қоғамдық тамақтану орындарындағы клиенттер саны екі есе қысқарды. Демалыстың бұл түрі халық үшін қолжетімсіз болып барады. Бұл туралы арнамызға берген сұхбатында ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова хабарлады. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында барлық тауар қымбаттады, бұған әлемдік бағаның өсуі, логистикалық қиындықтар мен Ресейдің кейбір тауар экспортын шектеуі әсер етті дейді. Сала қауымдастығының мәліметінше, азық-түлік бағасы екіден сегіз есеге дейін өскен. Бірақ қазақстандықтардың айлығы өспегендіктен, кафе-ресторандардағы бағаны қатты көтере алмаймыз дейді мамандар. Олардың бақылауынша, бұрын ел азаматтары аптасына бір рет қоғамдық тамақтану орындарына барса, қазір айына бір рет баратын болған. Клиенттердің тапсырыс көлемі де айтарлықтай азайған. Ал орташа чектегі сома бұрынға қарағанда үш есе төмен дейді Вероника Нұрпейісова.

Вероника Нұрпейісова, ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

- Бизнестің жағдайы ауыр. Пандемия кезінде біз қарызға батқанымызды бәрі біледі. Әрбір қоғамдық тамақтану орнының иесіне он миллион теңгеден артық шығын келді. Көптеген кәсіпкер бұл бизнестен кетіп жатыр. Пандемияға дейін бізде 95 мыңға жуық қоғамдық тамақтану орны болған, қазір 60 мыңға жуық. Бірақ олардың орнына жаңалары келеді. Сондай-ақ бізде кадрлар тапшы. Білікті қызметкерлер жетіспейді. Қазіргі уақытта Қоғамдық тамақтану қауымдастығы «Талап» қорымен бірге жұмыс жүргізіп жатыр. Енді біз кәсіпкерлермен және аспаздармен бірге колледждердегі бағдарламаны қайта дайындаймыз. Бұл болашақ мамандарды оқытуға оң әсер ететініне сенемін.

ТЕХНИКА САУДАСЫ 8% ТӨМЕНДЕДІ

Биыл үш айда Қазақстанда ресми диллерлер 22 мыңға жуық техника өткізді. Бұл туралы көлік нарығының сарапшысы Артур Мискарян өз телеграмм каналында жазды. Сатылған техника арасында жеңіл көліктер, автобус, жүк көлігі, арнайы техника және тіркемелер бар. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 24 мыңға жуық болған. Осы орайда, "нарық былтырға қарағанда 8%-ке төмендегені байқалды" дейді сарапшы. Артур Мискарянның айтуынша, қазақстандықтар арасында жаңа көлікке сұраныс сақталған. Жалпы биылғы жылдың бірінші тоқсанында нарыққа бірнеше фактор ықпал етті. Солардың бірі қаңтар оқиғалары мен елдегі бас кеңселер мен автокөлік орталықтары арасындағы байланыс іркілістері. Сол кезеңде көптеген автосалондар жабық болды. Мұнымен қоса, әлемдегі саяси ахуал саудаға теріс әсер етуде. Ресей аумағына техника мен бөлшектерді жеткізу тоқтатылып, Қазақстандағы көлік өндірушілер мен импорттаушылар көптеген көлік моделінің логистикасын қайта құруға мәжбүр болды.

ИНДОНЕЗИЯ ПАЛЬМА МАЙЫ ЭКСПОРТЫН ТОҚТАТАДЫ

Биыл 28 сәуірден бастап Индонезия пальма майының экспортын тоқтатады. Ішкі нарықта аталмыш тауар тапшылығы болғандықтан, ел билігі осындай шешім қабылдаған. Қазақзерно.кз порталының хабарлауынша, Индонезия президенті Джоко Видодо пальма майын экспорттауға тыйым қашанға дейін созылады деген сұраққа жауап беруден бас тартты. Индонезия – әлемдегі ең ірі пальма майын өндірушілер мен экспорттаушылардың бірі. Елде мұндай шектеулер бірнеше рет болған. Бұған дейін тыйым қаңтар айының соңында енгізіліп, 2022 жылдың наурызында алынып тасталды. Бұл шешім пальма майының қымбаттауына әкелді. Қазір Ресей-Украина қақтығысына байланысты жағдай күрделене түсті. Ал сарапшылардың пікірінше, бұл әлемдік нарықта өсімдік майларын жеткізуді шектеуге әкелуі мүмкін. Индонезия экспортты қалпына келтірсе де, пальма майының бағасы түскен жоқ. Қазір осы тауарды өндірушілердің бірі Малайзияда шілде айындағы фьючерстер тоннасына $1,5 мың долларға дейін өсті.

Ұлттық банктің хабарлауынша, доллар 443, 99 теңге, еуро 479,69 теңге, Ресей рублі 5,67 теңге.