Елімізде темір экспортына тыйым салынады

Әлемде шикізат қымбаттап барады. Мәселен кейінгі бір жылда көмірдың құны 80 процентке көтерілді. Өсім 2024 жылға дейін жалғасуы мүмкін. Дүниежүзілік банктің зерттеушілері осындай пайым жасады. Ал Қазақстан биыл екі айда көмір экспортын 47 процентке артырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан шикізат емес дайын өнім экспорттауға басымдық береді. Осы мақсатта 6 мамырдан бастап елден темір экспорттауға тыйым салды. Елдің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осындай бұйрық шығарды. Әзірге шектеу алты ай мерзімге енгізілген. Мұндай шешім отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамту мақсатында қабылданды. Себебі қазба байлықтың үстінде отырса да отандық металл өңдейтін закуыттарға шикізат жетпейді. Жиған-тергенін шетелдіктер сатып алады. Бізде мұны тежейтін БАЖ салығы да енгізілмеген. Мәселен, Ресей бір тонна темір экспортынан 70 еуро салық алады. Қытайда металл құнының 40 процентін салық ретінде төлейсіз. Беларусь, Өзбекстан, Әзірбайжан баяғыдан-ақ темірді шетке сатуға тыйым салған. Тек Қазақстан еркін экспорттауға рұқсат беріп келген еді. Былтыр наурызда көлікпен тасуды уақытша тоқтатқан еді. Кейін оны да алып тастады. Шикізаттың шетке кетуі салдарынан отандық металл өңдейтін зауыттар толық қуатта жұмыс істей алмай қалды. Есесіне өзімізден шикізат күйінде кеткен темір өңделіп, бірнеше есе қымбат бағамен импортталып келді. Соның бір мысалы ретінде арматураны айтуға болады. Енгізілген шешім осы олқылықтың орнын толтырады деген сенім бар.

«УРАЛ» МОТОЦИКЛДЕРІ ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛАДЫ

Ресейдің Урал мотоциклдері енді Қазақстанда жасалады. Зауыт Петропавлда орналасады деп жоспарланған. Ural Motorcycles компаниясының басшысы Илья Хаиттың айтуынша, санкцияға байланысты Ресейде өндіріске қажетті бөлшектер жетіспей жатыр. Оның үстіне құрастырылған матоциклді шет елге сатуға да мүмкіндік жоқ. Компания өз өнімін АҚШ, Канада және Австралия және Жапонияға экспорттап келген. Елдің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, қазір ресейлік компаниямен келіссөз жүріп жатыр. Мотоциклдің шанағы және кей бөлшектері Свердлов облысында шығарылады. Қалған жұмыстары Петропавлда орындалады. Жұмысшылар жергілікті жерден алынады.

КӨМІР ЭКСПОРТЫ 47% АРТТЫ 

Биыл екі айда Қазақстан жалпы құны 120 миллион долларға 5,3 миллион тонна тас көмір экспорттады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47 процентке көп. Жартысынан көбі ТМД елдеріне сатылған. Негізгі импортер – Ресей. Жалпы экспорттың 3,3 миллион тоннасы солтүстіктегі көрші елге кеткен. Одан кейін Қырғызстан және Беларусь мемлекеттері. ТМД-дан тыс қазақстан көмірін Швейцария, Польша және Кипр импорттайды.

Енді көмірдің бағасына тоқаталайық. Қазір әлемде оған сұраныс артып барады. Жасыл энергия туралы жырлап жүрген Еуроодақтың өзі былтыр қатты отынды тұтыну көлемін 12 процентке көбейтті. Биыл да энергия өндіру, металл өңдеу зауыттарына қажетті көлем 2 процентке артып, 8 миллиард тоннаға жетеді деген болжам бар.АҚШ-та қажеттілік 17 процентке артты. Яғни сұраныс жылдан жылға көбейіп барады, ал өндірісте өсім жоқ. Өйткені көміртектен бас тарту жобасына байланысты кейінгі жылдары ешқандай инвестор көмір өндірісіне қаржы құймаған. Оның үстіне биыл Еуроодақ, Жапония, Оңтүстік Корея мемлекеттері Ресей көміріне санкция салды. Көрші ел әлемде көмірмен істейтін электр орталықтарының 18 процентін қатты отынмен қамтып отырған ел. Сондықтан енді нарықта оған балама табу керек. Бірақ қайдан алады? Негізгі экспортерлердің бірі – Австралия өндірісті одан әрі арттыра алмайтынын мәлімдеді. Блумберг агенттігінің пайымынша, мұндай жағдай көмірдің қымбаттауына тікелей әсер етеді.