Каспий құбыр консорциумының тоқтауы ел экономикасына зиянын тигізуі мүмкін

Каспий құбыр консорциумының 30 күнге тоқтатылуы кесірінен Қазақстан 400 миллион доллар табыстан қағылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені еліміз осы құбыр арқылы шет елдерге 4 жарым миллион тонна қара алтын жеткізіп отырған. Яғни жалпы мұнай экспортының 82 процентіне тең. Енді еліміз бұл қиындықтан қалай шығуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, өзге бағыттар бар. Алайда Каспий құбыр консорциумына қуаттылығы жағынан да тиімділігі жағынан да әзірге тең келетіні жоқ. Жыл басынан бері мұнай саудасынан елдің ұлттық қорына 3,1 триллион теңге құйылды. Сондай-ақ қара алтын экспортына БАЖ салығынан мемлекеттік бюджетке 750 миллиард теңге түсті. Яғни мұнайдың қымбаттауы Қазақстанға қолайлы болды. Бірақ экспорттағы кедергілер табысты еселеуге кесірін тигізіп келеді. Мәселен, Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңге байланысты Қара теңізде мұнай танкерлерін сақтандыру құны қымбаттап кетті. Осының салдарынан Қазақстан мұнайын нарықтағы бағадан 8 долларға арзан сатуға мәжбүр болды. Сондай-ақ Атырау – Самара құбыры арқылы тасымалданатын мұнайымыз Ресейдің Юралс мұнайымен бірге экспортталатын болғандықтан жеңілдік 38 долларға дейін барды. Бұл жергілікті мұнай-газ компанияларын тығырыққа тірегені анық. Сондықтан Қазақстан өзінде шығаратын қара алтынға КЕПКО деген жаңа атау беріп, Ресей мұнайынан ажыратып алған еді. Енді Каспий құбыр консорциумының тоқтауы бұл салаға да, ел экономикасына да үлкен соққы болатын түрі бар.

Нұрлан Жұмағұлов, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының бас директоры:

Қазір алтернативті маршруттарды іздеуде. Бірақ қазіргі кезде айына 4,5 млн тонна тасымалдайтын қазіргі кезде маршрут жоқ. Тек қана 1-1,5 млн тонна тасымалдай алатын шығармыз. Қазір көбінесе БакуТбилиси Жихан арқылы дейді. 2020-21 жылдары біз Ақтау портынан тек 2 млн тонна мұнай жіберіп отыратынбыз. Бұл бір жылда. Ал енді қараңыз. 1 айда 4,5 млн тоннаны қайда жібереміз? Осы көктемде жабылғалы «Теңізшевройл» компаниясы темір жол арқылы 500 мың тоннаны әрең жіберді екі ай ішінде.

Мұнай өндірісін толық тоқтату зауыттар үшін табыстан қағылу ғана емес, орасан зор шығын. Өйткені тынымсыз жұмыс істеп тұрған технологияны тоқтатып қайта іске қосу өте қиын. Қара алтын қоймалжыңға айналып, бітеліп қалуы да ықтимал. Сондықтан кен орындары бос қоймаларды толтыруға кіріседі. Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, олар үш төрт күнде толады. Оған дейін баламалы жолдардың мүмкіндігін барынша қарастыру қажет. Яғни Каспийде мұнай танкерлерін көптеп тарту керек.

Айта кететін бір жайт, кейінгі кезде Каспий суының тартылуына байланысты айлаққа алып танкерлер де келе алмай қалған. Бұрын мұнда 20 мың тонналық танкерлер жүзетін болса, қазір 8 мың тоннадан үлкендері қайырлап қалады. Бұдан өзге Қазақстан – Қытай және Атырау – Самара құбырларының мүмкіндігін пайдалануға мүмкіндік бар.

Нұрлан Жұмағұлов, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының бас директоры:

– Қазақстан – Қытай құбыры 20 млн тонна. Оның 10 млн тоннасы Ресейдің мұнайы кетіп жатыр. Қазақстан бір-ақ миллионды әрең жіберіп отырмыз. Жиырма миллионнан 11 миллион тонна кетіп жатыр Қытайға. Қосымша 9 млн тонна бар мүмкіндік. АтырауСамара құбырында тағы 5 млн тонна мұнайды косуға болады. Бірақ ол кезде мұнайдың Қашаған, Теңіз мұнайының бағасы төмендейді. Өйткені ол құбыр арқылы Ресейдің сібірдің мұнайымен арласқандықтан шығарда мұнайдың бағасы төмендеу болады.

Мұнай экспортының азаюы елде газ тапшылығына да әкелуі мүмкін. Сондай-ақ жанармай қымбаттауы ғажап емес. Біріншіден, өндрісі азаяды. Екіншіден, кеткен шығынды өтейтін табыс жоқ. Мәселе былай. Қазақстанда мұнай-газ өндіретін зауыттарға Үкімет мынадай талап қойған. Өндірістің белгілі бір бөлігін ішкі нарыққа арзан бағамен сатуы тиіс. Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, қазір компаниялар қара алтынды ел нарығына 25 доллардан береді. Әлемде оның бағасы жүздің үстінде. Айырмашылықты экспорттан түскен пайданың есебінен жабатын. Егер оларда экспорт болмаса, ішкі нарыққа кеткен шығынды өтей алмай қалады. Сондай-ақ мұнайдың құрамында газ болса, оны толықтай өңдеп өзіндік құнына 10 процент қосып, жергілікті нарыққа беруі тиіс. Ол үшін газ өңдейтін зауыт салуы керек болатын. Талап өзгермесе, инвесторлардың елдің мұнай-газ саласына қызығушылығы төмендеуі мүмкін.

Нұрлан Жұмағұлов, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының бас директоры:

Инвесторлар газ саласын дамытқысы келмейді. Өйткені қазіргі таңда тиімсіз. Өйткені сен тек қана ішкі нарыққа тапсыру керексің газды. Ішкі нарықта баға өте төмен. Бензиннің бағасы да бізде өте төмен. Формуламен есептейтін болсаңыз, Үкімет қаулысымен бекітілген қазір бензин бағасы кемінде 300-350 тұруы керек. Бірақ мемлекет халықты ойлап барынша тырысып жатыр да төмен бағаны ұстауда. Бұл қалай мемлекет ұстап отыр. Өйткені мұнай газ компанияларын нарықтағы олар ішкі нарыққа мұнайды барреліне 25 доллармен өткізіп отыр. Мысалы, экспорттың бағасы қазір 100 доллар болып тұр ғой. Көптеген компаниялар шағымдануда.