Елімізге санкциялар әсері қандай?

Ресейге салынған санкция салқыны Қазақстанға тимей ме? Өткен аптада АҚШ-тың сауда министрлігі 9 елдегі 36 компанияны қыспаққа алды. Енді оларға АҚШ-тың халықаралық санкциялар туралы заңдарын бұзғаны үшін американдық технологиялар мен тауарлар қолжетімсіз.

Тізімде Қытайдағы 25 компания бар. Қалғаны Ресей, БАӘ, Литва, Пәкістан, Сингапур, Ұлыбритания Вьетнам және Өзбекстанда. Ал жекелеген қазақстандық компаниялар осындай жағдайға тап болуы мүмкін бе? Бұл туралы сәлден соң айтып беремін.

BES.media осыған қатысты сарапшылармен сөйлесті. Сонымен қаржы жөніндегі сарапшы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, біздің елге қарсы сақтандыру санкциялары іс жүзінде мүмкін емес. Алайда заңды тұлғаларға қатысты санкция болуы мүмкін. Жақында өзбек компаниясына қарсы сондай жағдай болған дейді. Ал қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының бас директоры Жәнібек Айғазин «бұл мәселенің екі ұшы бар» дейді.

«Мұнда бір қызық нәрсе бар. Біз Ресеймен және ЕАЭО-ның басқа елдерімен кеден одағындамыз. Енді кедендік рәсімдеуді Қазақстанда немесе Одақтың басқа елінде жасауға болады делік, одан әрі тауар кеден одағының барлық аумағы бойынша біздің ішкі тарифтерімізбен өтеді. Міне осындай екі ұшты мәселе бар. Әрине бұл жағдайда біздің мемлекетке қайталама санкциялар салу екіталай. Оның үстіне біздің президент қазіргі геосаяси жағдайға Қазақстанның ұстанымын нақты белгіледі. Бірақ біздің жекелеген компанияларымыз, әсіресе машина жасау саласында, қосарлы мақсаттағы өнімдер жүретін салаларда, жеке схемаларды іске асыра бастауы мүмкін, содан кейін әрине олар Өзбекстандағы компания сияқты қайталама санкциялардың ықпалына түсуі ықтимал».

МАЗУТ ЭКСПОРТЫ 50%-КЕ ӨСТІ

Мазут экспорты 50%-ке өсті. Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы мынадай статистика жариялады. Биыл мамырда 191 мың тонна мазут экспортталды. Бұл 2022 жылғы орташа айлық көрсеткіштен 50%-ке көп. Мамыр айында мазуттың экспорттық бағасы тоннасына 500 доллар болды. Мазут экспортының өсуі мұнайдың экспорттық жеткізілімдерінің шектелуіне байланысты болуы мүмкін. Мұндай жағдай ірі және шағын мұнай өңдеу зауыттарына көбірек мұнай жіберуге мүмкіндік берді. Дизель отыны, бензин мен керосинге қарағанда, мазут экспортына тыйым салынбайды. Мұны барлау кезеңіндегі жер қойнауын пайдаланушылардың мұнайын өңдейтін жеке шағын зауыттар пайдаланады. Бұған дейін Энергетика министрлігі шағын мұнай өңдеу зауыттарына жеңілдіктерді алып тастап, Техникалық талаптарды күшейту қажеттігін мәлімдеген. Ал әзірге жеке кәсіпкерлер жыл сайын 2 млн тоннаға дейін мазут экспорттайды. Барлау мұнайды ішкі нарыққа жіберуге міндетті болғандықтан мұнай өнімдерін ел ішінде сату қисынды деп жазған @NRG_monitor сарапшылары.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚҰЛДЫРАУДАН ҚИЫНДЫҚСЫЗ ӨТУ ЖОЛЫ

Инвесторлар технологиялық секторға бет бұрыды. Бұған АҚШ рецессияға ұшырауы мүмкін деген болжам түрткі болғандай. Өйткені кейбір қорлар технологиялық алыптарды инвестициялауға оралған. Соңғы жылдары алып компаниялар нарықтың ірі ойыншыларына айналды. Осы ретте инвестициялық қорлар олардың көмегімен "экономикалық дауылдан" аман қалғысы келеді деп хабарлайды Reuters.  Биыл Microsoft, Apple және Alphabet сынды көптеген ірі компаниялардың котировкалары төмендеді. Оған инфляциямен күрескен АҚШ Федералды резервтік жүйесінің ставкаларды күрт өсіруі себеп болды. S&P 500 базалық индексі бірінші жарты жылдықта 20%-ке төмендеді. Бұл елу жылдағы ең нашар көрсеткіш болды. NASDAQ алты айда тарихтағы ең күшті құлдырауды көрсетті. BofA Global Research компаниясының соңғы сауалнамасына сәйкес, жаһандық қорлар технологияға қаржы бөлуді жеті базистік тармаққа арттырды. Қазір технологиялық компаниялар үшін доллардың нығаюы маңызды фактор болуы мүмкін.

ЕҢ БАЙ АДАМДАРДЫҢ АҚШАСЫ АЗАЙДЫ

Әлемдегі ең бай 500 адамның жиғаны 1,4 трлн долларға азайды. Атап айтқанда, биыл Tesla басшысы Илон Маск 62 миллиард долларға, Amazon.com Inc. негізін қалаушы Джефф Безос 63 миллиард долларға кедейленді. Tesla акциялары үшін екінші тоқсан тарихтағы ең нашар кезең болды, ал Amazonда 1990 жылдардың аяғында бері мұндай құлдырау болмаған  деп жазады Bloomberg агенттігі.  Бірақ Илон Маск әлі күнге дейін әлемдегі ең бай адамдар тізімінде бірінші тұр. Оның байлығы 208 миллиард доллар деп есептелген. Ал 129 миллиард доллары Безос екінші орында қалды. Үшінші орында Louis Vuitton moet Hennessy басшысы француз бизнесмені Бернар Арнотұр. Оның байлығы 128 миллиард доллар. Олардан басқа әлемде бір де бір адамның байлығы 100 миллиард доллардан аспайды.