Қазақстан күріш экспортын арттырды

Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда еліміз 77 процентке көп күріш импорттаған. Бұл 3,5 млн доллардың өнімі. Негізгі экспорттаушылар Ресей, Үндістан, Пәкістан мемлекеттері. Ал отандық өніммен ішкі нарықты қамту мүмкін емес пе? Біздің елдегі ахуал қандай?

Биыл елде күріш алқабы 8 мың гектарға азайтылды. Десе де, 88 мың гектар аумаққа дақыл егілген. Мамандар, су тапшылығына байланысты, келешекте ішкі нарықты қамтуға ғана жететіндей көлемде күріш өсіруге ниеттеніп отыр.

Күріш экспорты 31% артты 

Алғашқы жарты жылда Қазақстан Ресейге күріш экспортын арттырды. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, ақшалай өсім 174 проценке көбейген. Бұған рубль бағамының құбылуы әсер етті. Сәйкесінше, біздегі өнім құны да шарықтап сала берді. Ал көрші елдің импортты еселеуіне көктемде Краснодар аймағын су басуы себеп. Оқиғаның өзектілігі соншалық, кейбір мамандар күріш өндірісінің 40 процентке құлдырайтынын болжаған. Жалпы жыл басынан бері еліміз дақыл экспортын 31 процентке, яғни 22,3 млн долларға дейін арттырды. Импорт 77 процентке өскен. Елдегі өндіріске Сырдарияның тартылуы кері әсер етіп жатыр. Бұл туралы сауда саясатын дамыту орталығының халықаралық нарықтарды талдау департаментінің Бас сарапшысы Асылхан Қабдолла мәлімдеді. Су тапшылығы Өзбекстанда да бар. Олар тіршілік нәрін аз қажет ететін дақыл түрлерін өсіруге бет бұрмақ. Кейін елімізде де бұршақ өндірісі қолға алынуы мүмкін. Жарты жылда Қазақстанда 135 мың тонна күріш өндірілді. Шикізат қоры да жеткілікті. Ал күзде қамба жаңа өніммен толығады, - дейді мамандар.

Бүкіләлемдік банк күріштің арзандайтынын болжады. Алайда ауа райының құбылуы мен негізгі экспорттаушылардың өнімділігі төмендесе, жағдай өзгеруі ықтимал. Десе де, әлемде күрішке сұраныс артады деген болжам бар. Әсіресе Еуропа мен Парсы шығанағы дақылдың осы түріне зәру. Тамызда жаһандағы күріш бағасы біршама түскен. Оған экспорттаушы елдердегі валюта тұрақсыздығы себеп. Ал бізде жыл басынан бері күріш 16 процентке қымбаттапты. "Нарықтағы баға" айдарына назар аударыңыз.  

Шымкентте күріштің бір келісі 410 теңге, Алматыда 15 теңгеге қымбатырақ. Өскеменде дақыл құны 430 теңгеге барады. Павлодардағы баға 450 теңге. Таразда күріштің келісі 460 теңге болса, Елордада өнім шамамен 500 теңгеден сатылып жатыр

Кофе қымбаттайды

Әлемде кофе қымбаттауы мүмкін. The Wall Street Journal сарапшылары бұған бас экспорттаушы - Бразилиядағы арабика дәндерінің кем шығуы себеп дейді. Мемлекет былтырғы қуаңшылық пен қатты аяз салдарын әлі көруде. Биыл жоспарлы жиын-терім жартылай ғана орындалады. Ал сұраныс жыл өткен сайын артып барады. Мамандар жағдайдың халықаралық тасымалға кері әсер етеріне сенімді. Оның үстіне кейбір дамушы мемлекеттерде кофе дәні шикі мұнайдан кейінгі ең танымал сауда құралына айналған. Шай сүйгіш қазақстандықтар да 2015 жылдан бері кофеге сұранысты 3 есе арттырыпты. Өнімнің құндылығы ғана емес, құны да жоғары. Бір жылда баға 30 процентке өскен. Кофе дәндері елімізге Ресей арқылы тасымалданады. Бірақ көрші ел қуат берер сусынды еуропалық порттардан алып, кейін бізге сатып отырды. Ал экспорттаушы мемлекеттермен тікелей байланыс орнату үшін ЕАЭО-қа акциз төлеу керек. Экономист Марат Әбдірахмановтың есебінше, Роттердамнан кеме арқылы Санкт-Петербургке, кейін пойызға тиеліп, Қазақстанға жеткізілгенше, кофе құны бірнеше есе өсіп үлгереді. "Сондықтан, Азия, Африка елдерімен тікелей байланыс орнату маңызды. Өнімді Түркия мен Үндістаннан әкелуге де болады дейді" дейді. 

Марат Әбдірахманов, экономист:

- Тікелей тасымал жолын есептесек, Пәкістанның Карачи портынан Алматыға дейін  2500 шақырым. Ал Алматының Санкт-Петербург портымен арасы 8 мың шақырым шамасында. Үндістанда 1 келі кофе шамамен 1 доллар тұрады. Яғни 200 грамдық кофе қалбыры 20 цент, яғни 100 теңге шамасында. Қазақстанға әкелінсе, онда бағасы көп болса 300 теңгеге жетуі мүмкін. Ал қазір дүкен сөрелерінде тұрған дәл сол кофе 700 теңге тұрады, оған деген сұраныс та жоғары. 

АҚШ трейдерлері газ тасымалын арттырды 

АҚШ трейдерлері олжаға кеңелуде. Швейцария сарапшыларының есебінше, Еуропаға газ сатып отырғандардың қалтасы қампайып жатыр. Ресейден көгілдір отын тасымалы төмендегелі, баға да шарықтап кетті. Ал америкалық тасымалшылар мен энергетикалық компаниялар көгілдір отынды жеткізгені үшін 200 млн долларға дейін пайда көрген. Бір жылда мұндағы тасымал үлесі 20%-60%-ке дейін өскен. Осылайша жағдайды құтқарушылар Еуропалық нарықтан рекордтық мөлшерде олжа алып отыр. Ал қос континенттегі газ құны мүлде қабыспайды. Кеше Еуропадағы сауда-саттық нәтижесінде көгілдір отынның мың текше метрі 3000 доллардан асқаны белгілі.

Теңге нығайды

Теңге нығайып жатыр. Ұлттық банк таратқан мәліметке сүйенсек, төл валютамыз долларға шаққанда 3 теңгеге күшейген. Қазақстан қор биржасындағы орташа бағам 473 теңге 95 тиынға теңесті. Ал Ұлттық банк бір долларды 476,43 теңгеге сатуға болады дейді. Бірақ жыл соңына дейін АҚШ валютасы 510-520 теңгеге баруы мүмкін деген болжам бар. Сарапшы Нұрбек Ысқақов ұлттық валютамыз тағы 6-8 процентке әлсіреуі ықтимал дейді. Ол билікке ертерек қамдануға кеңес береді.