Астық тоннасы 100 мың теңге болуы мүмкін

Елде астық құнсыздануы мүмкін. Құзырлы одақ өкілдері осылай дабыл қағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үшінші сұрыптағы дәнді дақылдың бір тоннасы 120 мың теңге болуы керек. Алайда сыртқы факторлар әсерінен баға 100 мың теңгеден төмендеп кетуі ықтимал дейді олар. Оған Ресейдің арзан бидайын импорттау салқынын тигізеді. Астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов «Ел дала» сайтына берген сұхбатында көршілердің бидайды темір жол арқылы қосымша құн салығын төлеп жеткізсе, тоннасы 118-120 мың теңге шығатынын, заңсыз жолмен әкелсе, 105-108 мың теңгеге алынатынын айтады. Жиын-терім науқаны аяқталған сайын баға да түсіп жатыр. Бұл отандық астықтың арзандап кетуіне алып келеді. Қазір еліміз 11,7 млн тонна астық экспорттауға дайын. Бірақ логистика мен баға мәселесі реттелмесе, трейдерлеріміз ұтылады дейді сарапшы.

Орайы келгенде айтайын, ел диқандары 7 млн га дәнді дақыл жинады. Яғни жоспардың жартысына жуығы орындалды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, егін ору жұмыстары елде белсенді жүргізіліп жатыр.

ҚЫЗЫЛШАДАН 45 МЫҢ ТОННА ҚАНТ АЛЫНАДЫ

Енді елімізде қант қызылшасын өңдеуге мән беріледі. Осылайша жаңа маусымда мамандар 45 мың тоннаға жуық тәтті өнім алмақшы. Көрсеткіш бұдан да көп болар ед. Алайда қант қызылшасы жоспардағы 12 мың гектардан аз егілген екен. Оны әкімдіктер байқаған. Жалпы жыл басынан бері елде 200 мың тоннадан артық қант өңдірілді. Оның дені шикі құрақтан алынған. Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева алдағы үш жылда шикі қант құрағын тасымалдауға тура келетінін айтады. Саланы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес суармалы аумақтарды кеңейтіп, технология жетілдірілсе, жыл сайынғы қант өндірісін 250 мың тоннаға жеткізу мақсатын орындауға болады. Ол кезде импорт 17 процентке дейін төмендеуі әбден мүмкін дейді сарапшы.

Айжан Наурызғалиева, қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті:

– Қант қазір белгіленген бағада сатыла береді деп ойлаймын. Бірақ қант құрағы қымбаттаса, өнімге әсер етері сөзсіз. Ол Лондон, Нью-Йорк биржаларына байланысты. Дегенмен баға қатты құбылмайды деп болжаймыз. Оның үстіне жақында елімізде қант қызылшасын теру науқаны басталады. Біз оны өңдейміз. Сондықтан халық қантсыз қалмайды.

ҚАНТ ӨНДІРІСІ АРТАДЫ

Халықаралық қант ұйымының болжауынша, жаңа маусымда әлемдегі шекер қоры 96 млн тоннаға артық жиналады. Өндірушілер биылғы жағдайды ескере отырып, өндіріс көлемін едәуір арттырмақ. Мысалы, Бразиялия 5 жарым млн тоннаға көбірек қант шығармақшы. Таиландта шамамен 2 млн тоннаға артық өнім өндіріледі. Көрсеткіштің бағаға оң әсер етері анық. Қазірдің өзінде жаһандағы шикі құрақтан алынған қант 2%-ке арзандаған. Есесіне тәтті өнімді тұтыну 176 млн тоннадан асады.