Ұлттық қор активтері азайып барады – сарапшылар

Ұлттық қор – ұлт игілігі үшін. Кеше мемлекет басшысы инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың болашағына жұмсалатынын айтты. Бірақ қазірдің өзінде қор активтері азайып жатқанын байқауға болады. Сарапшылар не дейді?

Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының тең жартысын арнайы шотқа аударып отыру арқылы млрд-таған долларды жоғалтуға болады. Теңгеномика сарапшылары осылай топшылайды. Шілдедегі дерекке сүйенсек, қорда 53,3 млрд доллар жатыр. Бұл былтырғыдан 3,6 пайызға аз. 22 жылда оның кірістілігі 3,22 процентті ғана құраған. Сарапшылар 2021 жылды есептемегенде, табыстың тең жартысы 1 трлн теңге шамасында дейді. Әрі валютаның құбылуы көрсеткіштің тұрақсыздығына алып келеді.

Ал Президенттің баспасөз қызметі жыл сайын елде 400 мың нәресте дүниеге келетінін хабарлады. Олар 18-ге толғанша шоттарына жыл сайын 74 мың теңге түсуі керек. Кәмелеттік жасқа толған азаматқа нақты қанша теңге бұйыратынын дөп басу қиын. Бірақ қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев ұлттық қорға қазіргідей иек арта алмайтынымызды айтады. Бюджет шығыны көбейіп жатыр. Бұл өз кезегінде бизнеске күш салуы мүмкін дейді сарапшы.

Еске салайын, жоба 2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жүзеге асады.

САПАЛЫ, БІРАҚ АРЗАН

Елде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі өзгеруі мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындаған ұсыныс көпшілік талқылауына жіберілген. Тізімде бірінші сұрыптағы ұн, нан, макарон өнімдері, жарма, көкөністер, қант, сұйық май сияқты 19 азық түрі бар.

Жаңа өзгеріске сай С1 санатындағы тауық жұмыртқасы салмағы жеңіл өнімге алмастырылады. Себебі С2 санатындағы жұмыртқа баға жағынан арзанырақ шығады екен. Мамандар қос санаттағы жұмыртқаның салмағы болмаса, сапа жағынан айырмашылығы жоқ дейді.

Еске салайын, құжат 9 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады.

Бір жылда жұмыртқа бағасы 7 процентке өскен. Жергілікті құс өсірушілер ішкі нарықты 97 процентке қамтып отыр. Экспорт та екі есе артқан. Яғни өндіріс қарқынды. Сұраныс та артып жатыр. Былтырдан бері елде 3,5 процентке көп, яғни 2,4 млрд жұмыртқа сатылды. Ендеше, өңірлердегі жұмыртқа бағасына шолу жасайық.

ТУРИСТІК АГЕНТТІКТЕР ҚЫЗМЕТІН БАҚЫЛАУ ҚАЖЕТ

Елде 4 мыңнан аса туристік агенттік тіркелген. Бірақ олардың 30 проценттен астамы лайықты жұмыс істемейді. Оған көз жеткізу үшін саланы бақылауға алу маңызды. Тәжірибелі мамандар осылай дабыл қағып отыр. Туристік компания жетекшісі Айгүл Тәжинаның сөзінше, пандемияда екінің бірі үйде отырып тур сатумен айналысып кеткен. Себебі бұрынғыдай лицензия берілмейді. Салдарынан жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп алып, алаяқтық жасап жүргендері де бар. Турларды броньдаған болып, жеме-жемге келгенде ақша да жоқ, саяхатта да жоқ боп шығады. Айгүл Тәжина бұған айналымдағы миллиондарға қызығушылық та себеп болуы мүмкін дейді. Ақиқатында, ол табыс емес, айналымдағы ақша. Яғни туристік агенттіктер оны операторларға жөнелтеді. Қазір елде 9 ірі туристік оператор бар.

Айгүл Тәжина, туристік компания директоры:

– Сол 4000 агенттіктің 600-700-і біздің қауымдастыққа мүше. Олар заңды түрде жұмыс істеп отыр. Біз Үкіметтен мораторийді алып тастауды сұраймыз. Мемлекеттік деңгейде бақылау болмаса, салада адал бәсекелестік жойылып барады. Мәселе бұл ғана емес. Туристік операторлар банкрот болса, азаматтар турсыз қалады. Оны өтейтіндей сақтандыру қызметі де қарастырылмаған. Банк кепілдігі де жоқ.