Ресейлік баспагерлер қазақстандық типографиялардың қызметіне жүгіне бастады

Ресейде қағаз кітаптар қымбаттап, сатылым 6 процентке қысқарған. Бұған шикізат пен қызмет ақысының шарықтауы себеп. Мамандар баға тағы 30 процентке өсетінін болжайды. Ал тығырыққа тірелген баспагерлер өнімді Қазақстанда шығаруға ниеттеніп отыр. Бұл туралы елордадағы полиграфиялық кәсіпорын иелері мәлімдеді. 

Былтыр елімізде 34 млн долларға жуық қаражатқа кітап импортталған. Әрине ең басты тасымалдаушы Ресей. Одан бөлек Англия, Түркия, Германия, Қытай сияқты мемлекеттер ұсынған кітапты оқып жүрміз.

Кітап нарығы

Ресейлік баспагерлер қазақстандық типографиялардың қызметіне жүгіне бастаған. Болжам бойынша биыл мұндағы кітап шығарылымы 30 процентке азайып, сатылым 252 млн данаға дейін қысқарады. Жергілікті оқырмандардың сұранысы жылдан жылға азайып барады. Сол себепті баспа иелері мен авторлар туындыларын Қазақстанда шығаруға талпынып әлек. Бірақ қазақстандық кәсіп иелері ондағы баспа мәселесі біздің нарықты кітапсыз қалдырмайтынын айтады. Себебі әлемдік бестселлерлерді қазақ тілінде шығаратын баспалар көбейген. Кітап дүкенінің иесі Асылан Тілеген елде оқырмандар саны артып жатқанын айтады. Әсіресе жастар қазақ жазушыларының еңбектеріна онлайн тапсырыс береді. Ірі полиграфия жетекшісі Сәния Ирсалиева кітап шығаруға ынталы қазақстандықтардың да көбейгенін айтады. Бұған дейін күнделік шығару трендте болса, қазір сараптамалық, мамандандырылған, тіпті тарихи кітаптарды шығару дағдыға айналып барады. Кәсіпкер тапсырыстың көптігі сонша, ресейлік әріптестермен байланыс орнатуға асықпаймыз дейді.

Сәния Ирсалиева, ірі полиграфия басшысы:

- Біз өндірісті тоқтатпауға тырысамыз. Алайда салада мәселе көп. Ресейге салынған санкция салқынын біз де сезіндік. Себебі шикізат түгел сырттан алынады. Логистика қиындады. Қазір түрлі қалыңдықтағы қағазды табу қиын. Ал бізде картон, цифрлық баспаға қажет тонер, бояу шығарылмайды. Шамамызға қарай қор жинап қоямыз. Осындай кедергілерге қарамастан тапсырыстарды орындап жатырмыз.

Картоп импорты 5 есе өсті

Картон ғана емес, картоп импортына да тәуелдіміз. Жиын-терімнің жемісті болғанына қарамастан сырттан келген өнім үлесі шамамен 5 есе артып кеткен. Жарты жылда 39 мың тонна картоп импорттадық. Бұл туралы энерджипром сарапшылары хабарлады. Биыл елде 199 мың га аумаққа көкөніс отырғызылған. Бұл былтырғыдан 2 процентке көп. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар облыстары көл-көсір өнімнен дәмелі. Қазір шаруалар картоп теруді бастап та кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі дихандардың сапалы тұқым мен тыңайтқыш қолданғанын жеткізді. Соның нәтижесінде ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға мүмкіндік туған. Өкініштісі, оны жыл бой сақтайтын қойма жоқ. Жоспардағы 2 млн тоннадан аса өнімнің үш жүз мыңы экспортқа шығарылады. Картоп өсірушілер одағының басқарма төрағасы қазақстандық өнімнің Ресейге экспортталмайтынын жеткізді. Демек, баға да қымбаттамайды.  

Қайрат Бисетаев, картоп өсірушілер одағының басқарма төрағасы:

- Шаруалар картоп келісін 80 теңгеден шығарады. Жазда өнімге тапшылық болған жоқ. Ішкі нарықты қажетіне қарай қамтуға дайынбыз. Жетпегенін импорттаймыз. Бастысы, халық картопсыз қалмайды.

Еуропадағы энергетикалық дағдарыс

Қыста Еуро Одақтағы энергия құны 2 трлн доллардан асуы мүмкін. Goldman Sachs сарапшыларының есебінше, 2023 жылдың басында елдегі ЖІӨ-нің 15 процентін электр энергиясының ақысы құрайды. Олар мұндағы энергикалық дағдарыстың салдары орасан екенін айтады. Ал бағаны ұстап тұру мәселені шешпейді. Бұл әрине өнімнің халыққа жетпей қалуына алып келуі мүмкін. Десе де сарапшылар ірі компанияларға қазірден бастап әрекет етуге кеңес береді. Өйткені, халық тұтыну ақысын төлеуден бас тартады деген күдік бар.

Көмір қымбаттады

Әлемде көмір құны да рекордтық деңгейден асты. Тасымал кедергілері жаһандық энергетикалық салаға жаңа қауіп төндіруі мүмкін дейді мамандар. Австралиялық порт арқылы жөнелтілген қатты отын тоннасы 464 долларға сатылған. Бұл 6 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Еуропадағы газ тасымалы мәселесі мен континенттегі көмірге сұраныс қорды жинап қоюға мәжбүрлеп жатыр. Оған қоса Австралия шахталары жаңбырға ұрынуы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан сарапшылар бағаның шарықтай түсетінін ескертеді.

Ал біздің Үкімет қатты отын құны былтырғыдай, яғни тоннасы 14,5-15 мың теңге көлемінде болатынын айтады. Ішкі нарықтан артылған өнім Еуропа сияқты аумақтарға жөнелтіле береді. Биыл мұнда 6,5 млн тоннаға жуық көмір экспортталды.