Қазақстандықтар сиыр етін көп жейді

Әлемде үш ай қатарынан еттің арзандауы байқалады. Әсіресе қой мен сиыр еті былтырға қарағанда қолжетімді.

Бұл БҰҰ келтірген дерек. Оны тұтыну көрсеткіші де ұлғайып отыр. Ал сарапшылар бұл жаһандық азық-түлік қорына кері әсер етуі мүмкін дейді.

2050 жылға қарай жаһандағы ет тұтыну 76 процентке артады. Еліміздегі көрсеткіш биыл 20 процентке өскен. Алайда, құзырлы министр алаңдауға негіз жоқ дейді. Себебі, ет қоры жеткілікті.

Елде ет жеткілікті

8 айда елде 47 мың тоннаға жуық ет өндірілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 9 процентке көп. Пайдалы өнімді тұтыну көрсеткіші әсіресе қалалық жерлерде 3 пайызға көбейіпті. Energyprom.kz сарапшылары халықтың сиыр етін көп жейтінін байқаған. Жан басына шаққанда орташа 12 келі ет желінеді. Жылқы мен қой еті де сұраныста. Оның ішінде Қамбар ата төлінің еті бір жылда 15 процентке қымбаттаған. Сиыр еті 7 пайыз өсті. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің сөзінше, биыл ет те, мал басы өскен. Бірақ, салаға қажетті жабдықтардың, тасымал құнының қымбаттауы дайын өнімге әсер еткені сөзсіз. Бастысы, қазақстандықтарды табиғи таза етпен қамтуға еш кедергі жоқ. 

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-  Негізі біз осы жылы біз біраз шараларды қабылдап жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, 6 ай бойы бізде мүлде тірі малды экспортқа шығаруға тыйым салынған. Сол себептен малдың да, еттің де өндіріс көлемі өсіп жатыр. Ұсақ малды алатын болсақ, ет түріндегі экспорт 4,3-ау деймін пайыз өсіп жатыр. Ірі қара да өсіп жатыр. Сол себепті сыртқы экспорттың көлемі бізде сақталып жатыр. Ішкі нарықта бізде малдың басында да, еттің өңдеу көлемінде де тұрақты деңгейде өсуді көрсетіп отыр. Ет бар ішкі нарықта. 

Мұнайдың тағдыры 

АҚШ доллары жергілікті федералдық қор жүйесі қатаң ақша-кредит саясатын белсенді жалғастырғанша нығая береді. Ал мөлшерлемелердің одан әрі күшеюі жаһанға елеулі тәуекел факторы болып отыр. Бұл мұнай нарығына да әсер етеді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова осылай пайымдайды. Әлемдік сарапшылар алдағы тоқсанда қара алтын баррелі 100 доллардан асуы мүмкін деді. Дегенмен, экономика көрсеткіштерінің нашарлауы бұл нарықты да құбылтуы ықтимал. Қазір дүниежүзілік банк пен халықаралық валюта қоры жаһандық рецессияны күтіп отыр. Себебі Қытайда коронавирус қайта өршуіне байланысты сұраныс азаюы мүмкін. Жалпы қазанның басында қараша-желтоқсан айларында қара алтын өндірісін, ойламаған жерден, тәулігіне 2 млн баррельге дейін төмендейтіні айтылды. Бірақ қазір мұнайдың арзандауына доллардың нығаюы әсер етіп жатыр.

Электрокар өндірісі артады 

2025 жылға қарай АҚШ-тағы электрокар өндірісі 4 есе артуы мүмкін. Tesla монополиясын болдырмау үшін ірі автоөндірушілерге осындай талап қойылды. Биыл елде 7,5 млн жеңіл және жүк көлігі шығарылса, оның 300 мыңнан астамы ғана батареямен жүреді. Ал сұраныс одан көбірек. Өндірушілер гибридті көліктерді шығару арқылы, электрокар өндірісін зерттеуге қаржы табуды көздеп отыр. Ал Tesla Солтүстік Америкадағы токпен жүретін көліктердің 75 процентін шығарады. Жылдың үшінші тоқсанында компания жер жүзіне 350 мың электромобиль сатуды көздейді. Бұған дейін сарапшылар 2030 жылдары АҚШ-та сатылатын жаңа жеңіл көліктердің жартысынан көбі токпен жүретінін болжаған. Мақсаттың әзір орындалар түрі жоқ. Енді жергілікті сарапшылар нарықты шетелдік көліктер жаулай ма деп күдіктенеді.