Қазақстанның экспорты импортынан аз болып тұр

Еліміз 5 млрд долларға азық-түлік импорттайды.

Ал экспортқа шығарып отырған өнім құны 3 млрд доллардан сәл ғана асады. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы теңсіздікке алаңдаулы. Олар отандық өндірісті арттыру керек дейді.  

Сарапшы: Нарықты отандық өніммен қамту керек

Қазақстан шет елдерден дайын өнім тоннасын 1-1,5 мың долларға сатып алады. Ал шикізатты 300-350 долларға экспорттап отыр. Бағадағы айырмашылық жер мен көктей. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев "5-10 жылда теңгерімді реттеу маңызды" дейді. Мемлекет осы уақыт аралығында шаруаларға тұрақты түрде қолдау көрсетіп тұрса, сала дами береді. Ең алдымен, ішкі нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамту керек. Ал азық-түлік бағасын нарық реттейді. Ербол Есенеев мемлекеттің экспортты реттеуге жиі араласатынын айтады. "Мысалы, бидай, май, тұқым майына, етті экспорттауға бірде тыйым салады, бірде алып тастайды. Ал бағаны түсіру үшін, өндірісті арттыру қажет" - дейді сарапшы. Оның үстіне тауардың өзіндік құнына техника алу, жалақы төлеу, қосымша шығындар мен тасымал да әсер етеді. Оның құны тұрақты емес екені белгілі. 

Ербол Есенеев, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры:

- Әрине азаматтарға азық-түлік бағасы тым қымбат болып көрінуі заңды. Бірақ, кәсіпкерлер бағаны ойдан құрамайды. Бұл үшін негізгі өндірістік шығындар мен тауарды нарыққа шығарғанға дейінгі шығындар есепке алынады. Өзіңіз ойлаңызшы, былтыр 40 млн теңгеге алған К700 техникасы биыл 86 млн теңгеге алынды. 70 млн теңгелік комбаин құны биыл 140 млн теңгеге өсіп кеткен. Бұл әлбетте тауар құнына әсер етеді. 

Еліміз қаңтар-тамыз айларында 260 млн долларға ет импорттаған. Әсіресе құс еті тасымалы күрт артыпты. Мамандар 8 айдағы импорты экспортты 5 орағанын айтады. Осы кезеңде 27,1 мың тонна етті шет ел асырдық. 139 мың тоннаға жуығын  сатып алдық. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазақстандықтар сиыр, қой және құс етін экспорттайды. Осы өнімдермен қоса, 2 мың тоннаға жуық жылқы етін импорттаймыз.

ЕТ ЭКСПОРТЫ – 27,1 МЫҢ ТОННА $91 МЛН

қаңтар-тамыз

Сиыр еті – 50 мың тонна $373 млн

Қой еті – 5,3 мың тонна $21,4 млн

Құс еті – 8,6 мың тонна $14,6 млн 

ЕТ ИМПОРТЫ – 138,1 МЫҢ ТОННА $259,8 МЛН

қаңтар-тамыз

Сиыр еті – 4,5 мың тонна $19,2 млн

Жылқы еті – 1,6 мың тонна $3,9 млн

Құс еті – 84,9 мың тонна $112,6 млн

ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕ СЫНАЛДЫ

Елімізде цифрлық теңге пилоттық жобасы аяқталды. Сынақ 5 тәулік бойы жүргізілді. Оның нәтижесі желтоқсан айында  white-paper форматында белгілі болады.  Кейін сол арқылы сандық валютаны енгізу бойынша нақты шешім шығарылады. Сынаққа 200 адам қатысты. Олар цифрлық теңгені 4 сауда және қызмет көрсететін орында қолданып көрген. Барлығы оң баға беріп отыр. Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Қуанышбековтің айтуынша, цифрлық валютаны енгізуде әлемдік тәжірибе мен халықаралық сынақ нәтижесі ескеріледі. Әзірге сандық теңгенің дизайны мен платформасы дайын. Мамандар цифрлық валютаның ақша-несие саясаты мен қаржылық тұрақтылыққа әсері, тәуекелдер, реттеу жұмыстары пысықталады.