Қазақстандықтардың кредит қарызы 21 трлн теңгеден асты

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде Ұлттық банк үлесі 29% артқан.

Көрсеткіштің қомақты болуына не себеп?

Бір айда банктердің экономиканы несиелеу көлемі 21 трлн теңгеден асты. Осылайша, жылға шаққандағы өсім 24,5% құрады. Тұтынушылық кредиттеу біршама бәсеңдесе де, жоғары өсу қарқынын сақтап тұр. Бұл — 7 млрд теңге. Мамандардың айтуынша, теңгедегі кредиттердің үлесі өткен айдың соңында 91% құраған. Осы ұлттық валютадағы несие бір айда 19 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Әсіресе жеке тұлғалардың берешегі еселеп артты. Сондай-ақ қысқа мерзімді кредиттер сұраныста. Қазанның бірінен бері қазақстандықтардың несие тарихы күн сайын жаңарады. Арнайы деректер бірінші несиелеу бюросына уақыт оздырмау түсіп отыруы тиіс. Осы арқылы алаяқтардың бір мезетте бірнеше банктен несие рәсімдеуіне жол бермеу көзделген. Бүгінде 7 млн қазақстандықтың банктерге қарызы бар екені белгілі.

Ипотекалық қарыз көбейді

Жыл басынан бері елде 1 трлн теңге ипотека рәсімделді. Бір жылдағы өсім 47%. Сөйтіп, жалпы қарыздың үлесі 4,2 трлн теңгеден асты. Ұлттық статистика бюросы келтірген дерек осындай. Оған ең алдымен баспана нарығындағы қымбатшылық себеп болды. 9 айда жаңа үйлер 10,5%, екінші нарықтағы пәтерлер 16% қымбаттады. Еске салайын, қазір елде "Нұрлы жер", "Бақытты отбасы", "Әскери баспана", "Жас отбасы", "Өз үйім", Қайталама нарықтағы тұрғын үй және "Алатау" жастары бағдарламалары бар. Әрқайсының шарттары әртүрлі. Көпшілік көкейіндегі "7-20-25" бағдарламасы бойынша 732,8 млрд теңге көлемінде 56 144 несие берілген. Қалған 300 млрд теңге, оператордың болжамынша, 2023 жылдың I тоқсанында толық игерілуі тиіс.

Мұнай өндірісі төмендеуі мүмкін 

2025 жылдан кейін елде мұнай өндірісі төмендейді. Сала бойынша сарапшы Абзал Нарымбетов өндірісті ұлғайтатындай жобаның жоқтығын алға тартты. Еліміз шикізат тауарларын экспорттауға аса мұқтаж. Мысалы, мұнай сатудан жылына 30 млрд доллар көріп отырмыз. Газ экспортынан 2 млрд доллар түседі. Алайда келесі жылы бұл нарық жабылуы мүмкін. Себебі, ішкі сұраныс артты. Абзал Нарымбетов құны 45 млрд доллар болатын Теңіз кен орнын кеңейту жобасын жедел іске қосу керек дейді. Өндірісті құлдыратпау үшін Қашағанның екінші кезеңін бекіту де маңызды. Алайда ол 2030 жылдан кейін ғана іске қосылуы мүмкін. Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының сарапшылары биыл да мұнай өндіру бойынша бастапқы жоспардың орындалмай қалу ықтималдығын айтады. Оған ең алдымен, ОПЕК+ ұйымының қарашадағы өндіріс квотасын төмендетуі себеп. Қазақстан тәулігіне 1,628 млн баррель өндіреді. Бұл 78 мың баррельге аз. Каспий теңіз құбыры консорциуымының хал-ахуалы мен Қашаған, Қарашығанақтағы жөндеу жұмыстары да көрсеткішке әсер етеді.