Елімізде он жылда астық экспорты төрт есе артты

Өзбекстанда Қазақстанның бидайына сұраныс артты. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі тұтынушы. Көрші елдегі астық кәсіпорындарының жалпы қуаты жылына 3 млн тонна болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Болжам бойынша ендігі көрсеткіш ұлғаюы мүмкін. Өзбекстан ұн өндірушілері шикізатқа зәру. Биылғы маусымда ел ішіндегі астық тұтыну көрсеткіші 8,7 млн тоннаға жетеді. Бұл былтырғыдан 2 пайызға көп. Ал қайта өңдеушілер толық қуатта жұмыс істеу үшін 3,5 млн тонна бидай импорттауға тиіс. Яғни сұраныс жоспардан 9 процентке артық. Тараптар қордаланған мәселені 10 қарашада Астанада өтетін халықаралық конференцияда көтермекші. Оған өзбекстандық 20 компания келеді. Құрамына 43 ірі астық өңдеуші кіретін мемлекеттік кәсіпорын жетекшісі де төбе көрсетпек.

Айта кетейін, 2012 жылдан бері елімізде ұн экспорты 1,2 млн тоннадан 373 мың тоннаға дейін, яғни 3 есе төмендеп кеткен. Ал бидай экспорты 4 есе өсті. Қазақстанның сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин экспортты дамыту бойынша кеңес құру қажет дейді. Себебі отандық өндірушілер кедергілерге тап болып жатады. Қазір Пәкістан, Иран, Үндістан, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстанмен келіссөз жүріп жатыр. «Елдала» сарапшылары заңсыз астық айналымынан қазақстандық кәсіпкерлерге жылына 400 млн доллар шығын келеді дейді. Ал бюджет біршама салықтық түсімнен қағылады. Контрабандамен айналысушылар қосымша құн салығын төлемей шекарадан өткізген астықты Қазақстанда тіркеп, әрі қарай Өзбекстанға экспорттайтын көрінеді.

АСТЫҚ НАРЫҒЫНДАҒЫ БӘСЕКЕ

Ресейдің астық келісімінен шығатыны жарияланғалы өнім 8 процентке қымбаттады. Қазір Қазақстан Өзбекстан мен Тәжікстанның астық импортының 90 пайызын қамтып отыр. Алайда ресейліктермен бәсекелесуге тура келуі мүмкін. Көрші елдің астық экспорттаушылар одағының жетекшісі Эдуард Зернин бұл нарықты игеруге құлшынып отыр. Әзірге біздің көліктік инфрақұрылым әлсіз. Теміржол тасымалды толық қамтуға қауқарсыз. Қазақстандық астық одағының өкілі Евгений Карабановтың айтуынша, Қытайдан Еуропаға бағытталған жүк транзитінің артуы біздің желілерге салмақ салып тұр. Орталық Азия мен Ауғанстандағы импорттаушылар жағдайдың реттелуін күтіп отыр. Мәселе шешілмесе, ресейлік астыққа ауып кетуі мүмкін дейді сарапшы.

ӨНДІРІСТІК ИПОТЕКА

Алматыда 2030 жылға қарай 100 жаңа шағын өндірістік парк бой көтереді. 1 млн шаршы метрден асатын аумақта мың кәсіпорын құрылуға тиіс. Жеке инвестиция сомасы – 300 млрд теңгеден асады. Ал жаңа жылда өндірушілерге арналған ипотека іске қосылады. Бағдарлама игілігін шағын өндірістік парк құруға не сондағы белгілі бір аумақты сатып алуға ниеттілер көре алады. Жоба «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асады. Болжам бойынша кәсіпкерге 7 жылға 500 млн теңге көлемінде несие беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі 70 млн теңгеге дейінгі қарыз үшін жылдық 2 пайызбен, 70 млн теңгеден асса жылдық 6 пайызбен беріледі. Шағын өндірістік парктен алынатын нысан кепілдікке қойылады. Бұл өнім осылайша кәсіпкерлікті қорғау бағдарламасы бойынша банктерге ұсынылады. Алматыда қазір 8 өндірістік парк бар, тағы 11-і салынып жатыр.

Елде салымшылардың зейнетақы жинағы – 14 трлн теңге. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары 13 млрд теңгеден асқан. Ал ерікті жинақ 3 млрд теңге болды. Жыл басынан бері 1 трлн теңге зейнетақы төлемдері жасалды. Азаматтардың жасына байланысты 87 млрд теңге, мүгедектік бойынша 1,8 млрд теңге, мұрагерлікке 47,6 млрд теңге төленген. Тұрғын үй жағдайын жақсартам және емделем деушілер қордан 879 млрд теңге алды.