Әлемдегі мақта өндірісі азаюы мүмкін | Іскер News | 08.11.22.

Әлемдегі мақта өндірісі азаюы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл Пәкістан, АҚШ, Бразилия, сынды ірі мақта өндірушілер нарығындағы жағдайларға байланысты. «Сондай-ақ мақта өнімдерін тұтыну көлемі де қысқарады», – дейді сарапшылар. Ал қазақстандық шаруалар бұл өнімін тиісті бағаға сата алмай әлек. Себеп неде? Мақта нарығына шолу жасаған әріптесім Ғазиза Мұхамеджанова айтып береді.

МАҚТАШЫЛАРДЫ МАЗАЛАҒАН МӘСЕЛЕ

Түркістан облысындағы мақташылар ала-жаздай еңбек етіп өсірген өнімін сата алмай отыр. Негізгі себеп – өндірілген өнімнің басым көпшілігі делдалдар арқылы экспортқа шығарылады, ал импорттаушы елдерде, Еуропа, Түркияда  мақта тапшылығы күрт төмендеді. Мәжіліс депутаттары ақ алтынның құны мен өндірісіне қатысты қордаланған мәселелерді жиып, Үкіметке сауал жолдады. Онда: «Мақта өндірісі – шаруалардың негізгі табыс көзі. Сондықтан қазіргі жағдай елдегі әлеуметтік шиеленісті тудырады. Шаруалар несиелер және басқа қарыздары бойынша есептесе алмай отыр. Сонымен қатар күзгі жиым терімді аяқтап, қысқа отын мен малына азық дайындау қажет. Түркістан облысының тұрғындарының әлеуметтік экономикалық жағдайы мақта өндірісіне тікелей байланысты» – делінген.

ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА КӨП ҚАРЖЫ КЕРЕК

«Қаражаттың болмауы шаруаларға агротехникалық шараларды жүргізіп, сапалы тұқым алуға кедергі», – дейді депуттар. Осы орайда мәжілісмендер мақтаны сатып алу бойынша тұрақтандыру қорын құруға, шаруалар өнімді сатқанға дейін кредиттерді өтеу мерзімін ұзартуға шақырады. Ол үшін аграрлық кредиттік корпорацияға тиісті тапсырма беру сұралып отыр. Сондай-ақ сауалда көктемгі дала жұмыстарына биыл 10 қарашадан бастап 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөліп, шаруалардың өнімі бірден елде өңделу үшін тоқыма фабрикасын салуды да ұсынды. Бұдан бөлек шаруалардың уәжін жіпке тізген депуттар жоғары сапалы мақта сорттарын сатып алу керектігін де сөз етті.

ӘЛЕМДЕ МАҚТА ӨНІМДЕРІН ТҰТЫНУ ТӨМЕНДЕЙДІ

Айтпақшы, жақында АҚШ-тың Ауыл шаруашылығы министрлігінің кезекті болжамы жарияланады. Олар әлемдік мақта нарығына талдау жасап, алда не күтіп тұрғанын айтады. Бірақ кей мамандар қазірдің өзінде әлемдегі мақта өндірісі азаятынын айтып отыр. «Бұл Пәкістан, АҚШ, Бразилия, сынды ірі мақта өндірушілердегі теріс факторлардың әсері», – дейді сарапшылар. Сондай-ақ мақта өнімдерін тұтыну көлемі 26 млн тоннадан 23,5 млн-ға дейін төмендейді деген болжам бар. Әлемдік нарықтағы жағдайды сипаттау үшін сарапшылар түріктерді мысалға келтіреді. Түркия өткен маусымда бізден үлкен көлемде мақта сатып алған. Өйткені былтыр онда өнім тапшы болды да, олар импортқа жұмыс істеді. Ал биыл жағдай керісінше. Түріктердің егіні бітік шыққан. Енді олар экспортқа жұмыс істейді. Еуропада сұраныстың төмендеуінен тоқыма өндірісі азайды. Ал Түркиядағы тоқыма фабрикаларының жүктемесі – 50-60%. Жалпы әлемдегі жағдай мақтаның бағасына тікелей әсер етеді.

МАҚТАНЫ САТЫП АЛУШЫЛАР АЗАЙДЫ

«Қазақ мақта қауымдастығының» төрағасы Полат Юсуповтың айтуынша, өндіріс көлемінің аздығынан Қазақстан әлемдік нарыққа ықпал ете алмайды. Бірақ біз үшін басқа да қолайсыздықтар бар. Бұл біздің ірі саудагеріміз Ресейге қарсы санкцияларға, Украинадағы әскери жағдайға байланысты. Сондықтан трейдерлер мен шетелдік кәсіпорындардан мақта сатып алушылар аз. «Аталмыш жағдайлар біздің нарыққа швейцариялық және чехиялық компаниялардың келуін кідіртеді. Ал олар мақта көлемнің кем дегенде 30% сатып алатын», – дейді Юсупов. Сондай-ақ қазіргі геосаси шиеленістер тоқыма фабрикалары көп жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан Бангладеш, Молдова, Литва мемлекетінің компанияларының кіруіне кедергі келтіреді. «Оның ішінде Қазақстаннан мақта өнімдерін жеткізу көлемі де зардап шекті», – деді маман.

Міне, мақта өнірісіндегі ішкі және сыртқы жағдай осындай. Егер отандық шаруалар Үкіметтен үміт күтсе, әлемдік нарықтағы алыс-беріс қалай шешілетіні әзерге белгісіз.