Күнбағыс майынан тарылып қалмаймыз ба? | Іскер News | 09.11.22.

Диқандар 900 мың тоннаға жуық өнім алды. Әр гектардан орташа есеппен 12 центнерден айналған. Болжам бойынша биылғы өнім 1 млн тоннадан асуға тиіс. Өткен маусымдағы көрсеткіштер бұдан төмен болған. Ұлттық майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығы өнім тапшылығын күткен еді. Қазіргі жағдай қалай? Күнбағыс майынан тарылып қалмаймыз ба? Бұл туралы әріптесім Ғазиза Мұхамеджанова Іскер news айдарында айтып береді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл күнбағыс өнімінің тапшылығы болмайды деп сендірді. Биылғы өнім ішкі нарықты толық жабуға жетеді дейді олар. Жай-жапсарын сәлден соң айтып беремін. Армысыздар.

 КҮНБАҒЫС ЭКСПОРТЫ ӨСТІ

 Елде 3,5 млн гектар майлы дақылдар алқабының 3 млн-ға жуығы орылды. Бір гектардан 8 центнерден астам өнім алынып отыр. Бұл дегеніміз, жоспардың 83% орындалды. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Күнбағыс алқаптарының 70% жуығы жиналды. Жалпы түсім – 888 мың тонна. Күзгі жиын-терімге қатысты сандар осындай. Ал елді оның саудасына келсек, биылғы жеті айда 192 мың тоннадан астам күнбағыс экспортталды. «Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68% артық», – дейді мамандар. Биыл 1,2 млн тонна егін жинау жоспарланғанын ескерсек, жаңа дақылды есептемегенде күнбағыс тұқымының қолда бар көлемі ішкі нарықты сұйық маймен қамтамасыз етуге жеткілікті. Ведомство өкілдері осылай дейді.

КҮНБАҒЫС МАЙЫ 16,5% ҚЫМБАТТАДЫ 

Жыл басынан бері күнбағыс майы 16,5% қымбаттаған. Қазанның аяғында Ұлттық статистика бюросы осындай ақпарат берді. Әкімдіктердің мәліметінше, күнбағыс майының қоры 26 мың тоннаны құрайды. Бұл бір айдан астам уақытқа жетеді. Жалпы биыл егіс алқаптарынан 1 млн тоннадан астам өнім жиналады деп жоспарланып отыр. Экспортқа кететін 240 мың тонна көлемді қоса есептегенде, шамамен 366 мың тонна күнбағыс майын алуға мүмкіндік береді. «Сондықтан бұл  халықтың ішкі қажеттілігін екі есеге жабуға жетеді», – дейді ведомство. Осы жазда Ауыл шаруашылығы министрлігі қыркүйек айына дейін күнбағыс экспортын шектеген еді. Бірақ алдағы уақытта мұндай шаралардың қажеттігі жоқ деп хабарлады министрлік.

МАЙЛЫ ДАҚЫЛДАРДЫ ӨҢДЕУГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ 

Шаруаларды шикізатты май өңдеу зауыттарына тапсыруға ынталандыру үшін мемлекеттік субсидиялар беріледі. Бұл үшін республикалық бюджеттен 5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл сома Батыс және Солтүстік Қазақстанның, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар және Түркістан облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қолдауға бағытталады. Сондай-ақ қаражат өндеуге өткiзiлген 321 мың тонна өнiмдi субсидиялауға мүмкiндiк бередi.

ҰН БАҒАСЫ БІР ЖЫЛДА 45% ӨСТІ 

Ұн бір жылда 45% қымбаттады. Жалпы жыл басынан бері дәнді дақылдар мен өсімдік тұқымдастарынан 2 миллион тоннадан астам ұн өндіріліпті. Өндіріс көлемі бойынша Қостанай облысы бірінші орында тұр. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент. Айта кету керек, сіз бен біз тұтынатын ұннан бөлек, шетелге сатылатын өнім бағасы да өскен. Мысалы, бидай және қара бидай ұнының экспорттық бағасы өткен жылмен салыстырғанда 41% көтерілді. Ресми деректерге сүйенсек, қазір жоғары сұрыпты ұнның бір келісі 369 теңге, бірінші сұрып 245 теңге. Ал Астанада бұл тауар, яғни жоғары сұрыпты ұнның келісі 447 теңге тұрады. Ақтауда да бір келі ұнның құны 410 теңгеден жоғары. Ал бірінші сұрыпты ұнның құны 200 бен 335 теңге аралығында.