Өңірлердің бюджеттік түсімі артады | Іскер News | 15.11.22.

Елімізде бір жылда игерілмеген қаражатты келесі жылдары жұмсауға мүмкіндік беретін блоктық бюджет деген жүйе жұмыс істеуі мүмкін.

Ол үшін бюджеттік кодекске өзгеріс енгізу қарастырылып жатыр. Қазынадағы қаражатты игеруде тағы қандай өзгерістер болады?

Келер жылдан бастап өңірлердегі жергілікті бюджеттік кірістер өседі. «Бұл аймақтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмектеседі», – дейді сенаторлар. Жай-жапсарын сәлден соң айтып беремін.

ӨҢІРЛЕРДІҢ БЮДЖЕТТІК ТҮСІМІ АРТАДЫ

Алдағы уақытта өңірлік бюджеттерге түсетін кірістердің көлемі ұлғаяды. «Бұл жергілікті жерлердің бюджетіне кірісті арттыру есебінен іске аспақ», – дейді Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Серікбай Тұрымов. Оның айтуынша, келер жылы жалпы ел бюджетіне 13 трлн теңгеден астам кіріс түседі деп жоспарланған. Мемлекет басшысы соның басым бөлігі өңірлерде қалу керек дегенді алға тарты. Себебі су мен жарық, жол сынды әлеуметтік мәселелердің бәрі сонда. Өңірлік бюджетті мүлік, жер және табыс салықтарынан келетін қаржы есебінен ұлғайту көзделген. «Баж салықтары мен сатудан түсетін салықтық емес түсімдер де жергілікті жердің бюджетіне кетеді», – дейді сенатор.

Серікбай Тұрымов,  ҚР Парламенті Сенаты қаржы және бюджет комитетінің төрағасы:

- Алдағы үш жылдық бюджетте Үкімет баж салықтарын, сосын салықтық емес түсімдерді, осыларды негізінен жергілікті жерде қалдыру механизмдерін ойластырды. Өңірлерден бюджеттік алымдарды азайту жөнінде сондай шешімдер қабылдады.

БЛОКТЫҚ БЮДЖЕТ ЖҮЙЕСІ

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Серікбай Тұрымов: «Қазіргі кездегі бюджетаралық қолданыстағы әдістеме одан әрі жетілдіруді талап етеді. Бұл өңірлердің әлеуметтік-экономикалық параметрлерін нақты теңестіруді қамтамасыз үшін ету керек», – дейді. Өйткені өңірлерді әлеуметтік-экономикалық қаржыландыруда айырмашылық бар. Сонымен қатар бір жылда игерілмеген қаржатты келесі жылдары жұмсауға мүмкіндік беретін блоктық бюджет деген жүйесін енгізуді қарастырып жатыр.

Серікбай Тұрымов,  ҚР Парламенті Сенаты қаржы және бюджет комитетінің төрағасы:

- Блоктық бюджетті қарастырып жатырмыз. Мысалы, биылғы жылға берілген нысаналы траснферттерді игере алмай қалатын болса, келесі жылға жалғастырып игеру жөнінде бюджеттік кодекске өзгерістер енгізу туралы ұсыныс беріп жатырмыз. Енді бұны Үкімет те қарап жатыр алдағы уақытта ондай тәсілдер де болады деп біз есептейміз.  

ҚАЗАҚСТАНҒА АҚША АУДАРУ ЖИІЛЕГЕН

Қазақстанға шетелден рекордтық деңгейде ақша аударылды. Ұлттық банктің мәліметінше, өткен тоғыз айда елге жарты трлн теңге аударылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 77% көп, деп хабарлайды Бірінші кредиттік бюро. Ақша аударымдары биыл наурызда артқан. Ал соңғы жарты жылда көрсеткіш төмендеген жоқ. Бұл бағытта соңғы жылдарда болмаған белсенділік байқалады. Осы аралықта Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Түркия және Тәжікстаннан аударылған ақша көлемі тарихи максимумды жаңартты. Бірақ соның ішіндегі басты себеп –Ресейден жіберілген қаржы көлемінің көптігі. Тоғыз айда 263 млрд теңге аударылып, бір жылдағы қаржы айналымы 6 есе өскен. Көрші елден келген қаржы аударымы әсіресе маусым айында көп болды. Ал Қазақстаннан шетелге аударылған ақша көлемі 5% өсті. Соның ішінде Түркия, Тәжікстан, Корея, Грузия мен арменияға қаржылай аударымдар көбейсе, Ресей мен Қырғызстанға азайған. «Жалпы Орталық Азиядағы еңбек мигранттарының есебінен қаржы айналымы да өсті», – дейді экономистер. Бұдан бөлек осы аймақтан тауар экспорты да артты.

Астана Эрик Ливин, ЕҚДБ жетекші аймақтық экономисі:

- Соңғы 8-9 айда Орталық Азия елдерінен Ресйеге экспорт өсті.  Қырғыстаннан Ресейге экспорт екі есе, Қытайдан импорт екі жарым есе өсті. Қазақстанның экспорты 9% өсті. Кей салаларда сыртқы сауда төмендеген. Мысалы, болат және болат өнімдерінің экспорты азайды. Ал машина жасау, станоктар, көлік бөлшектерінің, компьютерлер мен телефондардың экспорты артты. Соңғылары реэскпорт есебінен артты. Сондықтан Орталық Азия үшін биылғы геосаяси жағдайлардың оң тұстары бар. 

ЖАҺАНДЫҚ ЭКОНОМИКА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН

Қытай елдегі құрылыс саласын құтқару үшін кешенді шаралар қабылдады. Бұл сектор елдегі жалпы ішкі өнімнің 25% дейінгі үлесін құрайды. Қор нарығы бұл жаңалықты оң қабылдады. Дегенмен кейбір инвесторлар Вашингтон мен Бейжің арасындағы қарым-қатынастың нашарлауына байланысты Қытайға инвестиция салудан әлі де сақтанып отыр. Халықаралық валюта қорының басшысы жаһандық сауда байланыстарының үзілуі және АҚШ пен Қытайдың ішкі нарықты қолдауға көшуі бүкіл әлемде бағаның күрт өсуіне әкеледі деп ескертті. Ол The Washington Post газетіне берген сұхбатында АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес әлемдік ЖІӨ-нің төмендеуіне әкеледі деп алаңдайды. Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева Вашингтон мен Бейжің арасындағы текетірес әлемді әртүрлі блоктарға бөледі деген ой білдірді. Оның пікірінше, сауда кедергілері мен әлемдік экономиканың бөлшектенуі орта тап пен кедейлерге қиян тиеді.