Қазақстанда баспана саудасы бәсеңдеді

Статистикаға сай қарашада 32 мыңға жуық тұрғын үй келісім шарттары жасалған. Бір айда сатылым 4 процентке төмендеген.

Тұрғын үй нарығындағы басты жаңалық баспана құны сәлде болсын арзандады. Мысалы, Шымкентте жаңа үйлердің бағасы қарашада 3 процентке түскен. Жай жапсарын сәлден соң айтып беремін.

Жеті жылда үй арзандады

Қазақстанда жеті жылда бірінші рет жаңа үйлер арзандады. Қараша айында бір шаршы метр құны 491 мың теңге болды. Бұл қазан айымен салыстырғанда 0,7%-ке төмен. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына жаңа тұрғын үйлер – Алматы, Ақтөбе және Шымкентте (1,6%, 2,8% және 3,4%) арзандағаны байқалады. Жалпы алғанда, соңғы бес жылда айдан айға баспана құнының төмендеуі тек төрт рет тіркелген.  Оның үшеуі 2023 жылы болды. Бірақ қолданыстағы үйлердің құны өткен айға қарағанда өсті. Ескі үйлердің орташа бағасы 493 мың тегңге жеткен. Өсім +0,9%. Тұрғын үйді жалға алу да қымбаттады. Жалпы ел аумағында бір шаршы метрді жалдау құны 4800 теңгеден асады. Ең қымбат өңірдің бірі Алматы. Онда пәтердің жалға алу бағасын бөлгенде бір шаршы 5470 теңгеге шығады.

647 мың адам үй кезегінде

Айта кету керек, осы бір шаршы метрдің өзі кей қазақстандықтар үшін қол жеткіщбес арман. Соңғы 10 жылда тұрғын үй кезегі 6 есе өсті. Қазір баспанаға зәру 647 мыңға жуық азамат тіркеуде тұр. Санаттарға бөлетін болсақ, халықтың әлеуметтік осал топтары 430 мың адам. Одан бөлек мемлекеттік қызметшілер бар, бюджеттік ұйымның жұмыскерлері және тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарымыз бар. Алайда оның 200 мыңнан астамы тізімнен алынуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары тұрғын үй туралы заңды қайта қарамақ. Сонымен қатар, биыл тұрғын үйге жауапты министрліктің тізімді тексерген. Сөйтіп, әрбір үшінші азаматтың үй кезегінде тұруға құқы жоқ екені анықталды. Бұл тізімдегілердің көбінде ел азаматтығы жоқ, енді бірі басқа өңірлерге көшіп кеткен. Тіпті бұл өмірден озып кеткендер де тізімнен алынбапты.  

Ұлықбек Тұмашинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кезекті жергілікті атқарушы органдардан алып, отбасы банкке беру керек. Отбасы банк оның бәрін цифрландыру керек. Бұл жерде адамның қатысы болмау керек. Өйткені қазір біз естіп жатырмыз, білеміз кезек бұзушылық көп. Сондықтан халықтың наразылығы көп. Әрбір адамның өзінің личный кабинеті болады. Кезегі келді ме, сол уақытта алады. Ең бірінші мәселе осы.

15 млн шаршы метр үй салынды

Жыл басынан бері 15 млн шаршы метр баспана салынған. Бұл туралы Үкіметте есеп берген Ұлттық экономика министрі мәлімдеді. Әлібек  Қуантыровтың айтуынша, тұрғын үй құрылысы 18 өңірде қарқын алған. 

Әлібек Қуантыров, Ұлттық экономика министрі:

- Атқарылған құрылыс жұмыстары көлемі 12,6%-ке ұлғайды. 18 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Маңғыстау, Жетісу, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында байқалды. Биылғы қаңтар-қарашада 15 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 15,6%-ке жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді.

Әлеуметтік әмиян іске қосылды

Қазақстанда әлеуметтік әмиян іске қосылды. Бұл мемлекеттік жәрдемақы алушылардың өмірін жеңілдетуге арналған өнім. BTS Digital компаниясы "Қазпошта" АҚ - мен бірлесіп жасаған. Қазақстанда 4 млн 200мың адам әлеуметтік төлем алады. Оның ішінде тек 2,3 млн – зейнеткерлер, 1,2 млн – ға жуығы-қолдауға мұқтаж балалары бар отбасы,  ал 700 мыңға жуығы – мүгедектігі бар жандар. Бұл азаматтар үшін әлеуметтік әмиян ақшу алумен қатар, төлемдер мен транзакциялар жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оның көмегімен, мектеп оқушылары үшін дәрі-дәрмек немесе ыстық тамақ  алу сияқты тегін қызметті қолдануға болады. Болашақта бұл әмиянға мемлекеттік қолдаудың тағы ондаған түрін қосу жоспарлануда. «Әлеуметтік көмекті алу үшін көптеген анықтаманы жинаудың қажеті жоқ», - дейді мамандар.

Айта кету керек, Астана тұрғындары өткен жылдың желтоқсан айынан бастап әлеуметтік әмиян көмегімен монетарлық емес көмек алып келеді. Денсаулық сақтау министрлігімен және білім министрлігімен бірлесіп пилоттық жобалар іске қосылған кезден бастап 3 мыңнан астам адам дәрі-дәрмек алды. Пилоттық жоба Ақкөлде іске қосылды.