Энергетика саласына серпін керек
Шетелге шығарылған активтерді елге қайтарып, соның есебінен жылу-энергетика саласын жаңғыртуға болады.
Энергетикалық шолушы Данияр Серіковтің пікірі осыған саяды. Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдары сыртқа 200-400 млрд доллар заңсыз шығарылған. Осы соманы қайтаруға құқық құрылымдары күш біріктірсе, онда қайтқан қаржыға жаңа мектеп салғандай, жылу нысандарын да салуға болар еді.
Дегенмен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, оның ішінде энергетикалық секторға серпін беру үшін үкімет бірнеше амал қарастырып отыр. Соның бірі – зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңге бөліп, елдегі энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту. Сондай-ақ коммуналдық шаруашылықты «Тарифке инвестиция айырбас» бағдарламасының көмегін ширату көзделіп отыр. Алайда, Данияр Серіков бұның аздық ететінін айтады.
Данияр Серіков, Энергетика саласын шолушы:
- «Тарифке инвестиция айырбас» жобасының белгілі бір шегі бар. Бұл жерде бір нәрсені түсінгеніміз абзал – тарифті қатты көтере алмаймыз. Мұндай жағдайда Қазақстан экономикасы бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып алады. Яғни, электр қуатты қымбаттап кетеді. Ал біздің елде оның өндірісі онсыз да қарқынды дамып жатқан жоқ. Электр қуатының қызметі қымбаттаса, халық сәйкесінше үнемдеу мақсатында оны аз тұтына бастайды. Демек, тұтынушылардан өндірілетін қаржы едәуір азаяды. Өкінішке қарай, энергетика саласын толық тариф есебінен ғана жаңарту мүмкін болмайды. Меніңше, бұл арада не ұлттық қордан немесе үкіметтің ұсынып отырған 1,5 трлн теңге соммасын зейнетақы қорынан, немесе сырттан қайтарылған активтердің есебінен қаржы құюға болар еді.
ТҮКШ жұмысшыларының жалақысы өсті
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы үшін өзекті мәселенің тағы бірі – білікті кадр тапшылығы. Финпром сарапшылары бүгін дәл осы тақырыпты талдапты. Сараптамалық материалда мамандардың кейбіріне 50, өзгелеріне 100 пайызға дейін көтерілгені жазылған. Сарапшылар мұндай шара білгір мамандарды ұстап қалуға сеп болмақ дейді.
Мәселен, әлгінде айтқан «Тарифке инвестиция айырбас» бағдарламасы аясында табиғи монополияның 300 субъектісі өндірістегі жұмысшыларының жалақысын ұлғайтты. Жылу, электр қуаты, сумен қамту және суды бұру сияқты қызмет түрін көрсететін мамандарға төленетін ақы бір жылда қаншалықты өскені мына кестеде берілген. Мысалы, жылумен қамтитын мекеме жұмысшыларының жалақысы 80 пайызға дейін өскен. Сумен қамту және суды бұру желісінде еңбек ететіндердің ақысы 10 және 35 пайызға көтерілді.
Жалпы тұрғын үй –коммуналдық шаруашылығы саласындағы мамандардың орташа жалақысына үңілсек, жалақының бір жылдағы өсімі әркелкі болғанын байқаймыз. Электр қуаты, газу, бу, ыстық сумен қамтитын мекеме жұмысшылары шамамен 284 мың теңге алады. Былтыр онысы 238 мың теңге шамасында еді. Бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика дәнекерлеушілері 43 пайыздық өсімге қол жеткізген. Сөйтіп, жалақысы 159 мыңнан 227 мыңға дейін ұлғайды. Су-кәріз жүйесінің желісінде еңбек ететін техник мамандар 300 мыңнан аса алатын болған. Ал қоқыс жинаушылардың жалақысы ең төмендердің санатында – биыл 175 мың теңгеге жетті. Былтыр 122 теңге шамасында болды.
Бұл республика бойынша орташа жалақы. Әр өңірде әрқалай болатыны қаперде ұстағанымыз жөн.
Инфляция 17 өңірде баяулады
Жалақының өсімі көп жағдайда инфляцияның деңгейіне қарай белгіленеді. Ал еліміздің 17 өңірінде оның баяулағаны байқалады. Қазақстан Ұлттық Банкі таяуда ғана елдегі инфляциялық үрдістерді жариялады. Жалпы қарашада айлық инфляция 1 пайызды құрады. Яғни қазанда валютаның құнсыздануы 10,8 пайыз болса, қарашада инфляция 10,3 пайызға дейін төмендеген. 17 өңірде бәсеңдеп, 2 өңірде жеделдеді. Ұлттық банк жариялаған дерекке сүйенсек, ең жоғарғы мәні Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында тіркелген. Ал Абай өңірінде өзгеріссіз қалды.
Ұлттық банк жариялаған мәліметке сүйнсек, қарашада елдегі азық-түлік тауарының бағасы 9,2 пайызға өскен. Ал азық-түлікке жатпайтын өнімдер 9,9, ал қызмет бағасы 12 пайызға қымбаттаған. Қазан айымен салыстырғанда ақылы қызметтерден басқасында өсімнің бәсеңдегені байқалады.
Ұлттық банктің дерегіне сенсек, Ұлытау облысында азық бағасы 12,4 пайызға көтеріліпті. Ал Шымкент қаласында керісінше өсім 6,8 пайызға баяулаған.