Қазақстанда сауда базарлары азайып бара жатыр
Нарық пен тұтынушылар жөнінде мәліметтер ұсынатын германиялық Statista компаниясының мәліметтеріне сәйкес, онлайн сауда тұтынушыларының саны осыдан 2 жыл бұрын 2 миллиардтан асқан.
Ал 2025 жылға қарай бұл нарыққа тағы 500 млн адам қосылады. Цифрлы сауда мен сұранысы жоғары сауда үйлерінің көптеп салынуы қарапайым базарлардың азаюына әкелуі мүмкін.
Қазақстанда сауда базарлары азайып бара жатыр. Ұлттық статистка бюросы осындай мәлімет жариялады.
Өткен жылы Қазақстанда 644 сауда базары болған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 78-ге аз. Ал он жыл бұрын олардың саны 777 болған. Яғни 2013 жылдан бері 133 базар жабылған. Қазіргі таңда сауда базарларының 435-і қалада, 209-ы ауылда.
Сауда базарларының саны бойынша Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстары көш бастап тұр. Базарлардың 35 пайызы осы аймақтарда орналасқан. Ал тізімді Ұлытау облысы қорытындылайды. Өңірде небәрі 8 сауда базары бар.
Қазіргі таңда сауда базарларының 298-і заңды тұлғаларға тиесілі болса, 346-сы жеке кәсіпкерлердің меншігінде. Сататын тауарларына байланысты мамандандырылған базарлар саны 232 болса, қалған 412-сі әмбебап базарлар. Көтерме сауда базарлары небәрі - 33 қана, ал бөлшек сауда базарларының саны - 611.
Айта кетейік, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қостанай облыстарында көтерме сауда базарлары мүлдем тіркелмеген. Он жыл бұрын тек 2 облыста ғана мұндай орындар болмаған.
Сауданы онлайн жасағанмен, демалу офлайн болуы керек. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 3 992 демалыс орны тіркелген. 5 жыл бұрын олардың саны 3 322 болған. Өткен жылы осы демалыс орындардың қызметін 8 млн 100 мың адам пайдаланған. Соның 1 миллионы шетел азаматы.
Қазір елімізде 2225 қонақ үй, 93 демалыс үйі, 32 пансионат, 113 балалар лагері, 58 туристік база бар. Бұл демалыс орындарының 96-сы мемлекет еншісінде болса, 3850-і - жеке кәсіпкерлерде. 46-сы шетел азаматтарына тиесілі.
Қазақстан бойынша ең көп қонақ үй Алматыда. Екінші орында елорда, үштікті Жамбыл облысы түйіндейді. Ал қонақ үй саны ең аз Ұлытау облысы. аймақта 17 нысан бар.