S&P сарапшылары Қазақстанның банк секторын бағалады

Еліміздің екінші деңгейлі банктерін халықаралық рейтингтік агенттік бағалады.

Қаржы әлеміне кеңінен танымал "үлкен үштік" сарапшылары қандай қорытындыға келді?

Standard and Poor’s халықаралық рейтингі эксперттері еліміздің 5 ең ірі екінші деңгейлі банкіне талдау жасап, оларға сенімді және тұрақты деп оң бағасын берген. Оған аталған қаржылық ұйымдардың активтер сапасының жақсаруы мен мемлекеттік органдардың банк қызметін қадағалау тетіктерінің күшеюі себеп болған.

Цитата:

S&P Global Ratings

«Біз Қазақстан Республикасының банк секторы соңғы жылдары өңірдегі геосаяси жағдайлардың шиеленісуі аясында макроэкономикалық тәуекелдерге анағұрлым жоғары тұрақтылық көрсетті деп санаймыз. Активтер сапасы мен банк секторының қаржылық көрсеткіштері біз болжаған деңгейден едәуір жоғары болды. Сонымен қатар, біз қаржылық қадағалаудың біртіндеп артып келе жатқанын байқаймыз. Сондай-ақ, салалық қауіп-қатерлердің өзгеру үрдісін «позитивті» деп бағаладық.»

Standard and Poor’s халықаралық рейтингі жариялаған мақаладағы мәліметтерді Ұлттық банктің статистикасымен қатар қарасақ, қазақстандық банктердегі активтердің сапасы өте жақсы деңгейде.

Мәселен, 2024 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша еліміздің екінші деңгейлі банктерінің несие портфелі 29,4 трлн теңгені, ал 90 күннен астам мерзімге кешіктірілген қарыздар мөлшері — 888 млрд теңгені құраған. Бұл портфельдің тек 3%-ы. Аталған көрсеткіш былтыр екінші деңгейлі банк қарыздарын бойынша 3,4%, бес жыл бұрын — 8,1%, ал он жыл бұрын — 32,2% болған. Яғни, он жыл ішінде несие портфеліндегі 90 күннен астам мерзімге кешіктірілген қарыздар он есе қысқарған.

Сондай-ақ агенттік сарапшылары несие беру саласындағы қаржы институттарын бақылау мен қадағалаудың күшеюін оң бағалап отыр. Бұның бір мысалы ретінде биыл мәжілісте қабылданған несие жүйесін жетілдіруге қатысты заң  жобасын атауға болады. Құжат Мемлекет басшысының 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын, «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылығын арттыру туралы» Парламенттік тыңдаулардың қорытындылары бойынша ұсынымдарды іске асыру мақсатында әзірленді. Қорытындылай келе, аталған стратегиялар мен қабылданған іс-шаралар Қазақстан банк саласының тұрақтылығы мен сеніміділігін сақтауға, шетелдік инвесторлардың назарын аударуға септігін тигізеді.

129 мамандық жойылып кетуі мүмкін

Өзге де тақырыптарға назар аударсақ. 2030 жылға қарай елде кадр тапшылығы туындайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамына сай, 1 млн 800 мың бос жұмыс орны болады.

Ведомство сарапшылары өнер, ойын-сауық, қаржы және сақтандыру саласының мамандықтарына сұраныстың азаятынын жасырмады. Олар 1 млн 800 мыңның орын ішіндегі 50 мың орынды құрайды. Пайда болатын жаңа жұмыс орындарының көпшілігі әсіресе білім беру саласында болмақ. 380 мың маман. Тура солай 207 мыңға жуық адам сауда саласына қажет. Балық және орман шаруашылығын қоса алғанда агросекторға 175 мыңнан аса қызметкер керек болмақ.

Министрлік болжамдарына сүйенсек, 239 мамандық жаңадан пайда болып, 95 мамандық трансформацияға ұшырайды. 129 кәсіп жойылып кетуі мүмкін. Олардың қатарына конвейер машинисі, шынылаушы секілді автоматты жүйелермен алмастырылатын мамандықтар кіреді.