ЕҚҚДБ және ҚДБ елдің энергетика саласын несиелендіреді

«KEGOC» акционерлік қоғамы Еуропа қайта құру және даму банкі, сонымен қатар Қазақстан даму банкімен несиелік келісім жасасты. Инвестициялық жобаны қолдауға бас-аяғы 141 миллиард теңге бөлінеді. Отандық энергетика саласы үшін маңызды құжатқа Астанада қол қойылды.

KEGOC елдің энергетика секторын жаңғыртпақ. Бұған Еуропа қайта құру және даму банкі қолдау көрсетеді. Тараптар бас-аяғы 141 млрд теңгеге несиелік келісім жасасты. Оның 32 миллиардын Қазақстан даму банкі бөледі. Ел үшін маңызды құжат талаптары 20 желтоқсанда күшіне енеді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл келісімдерге сәйкес KEGOC Қазақстанның энергетика секторын жаңартады. Қазіргі таңда KEGOC 28 мың км электр желісін басқарады.

Батыс Қазақстан энергоаймағын елдің біртұтас энергожүйесімен қосу жобасының нәтижесінде электрмен жабдықтаудың сенімділігі артады, электр энергиясы мен қуат теңгерімсіздігін өтеу үшін маневрлік генерация пайдаланылады, әсіресе батыс аймақтардың энергетикалық қауіпсіздігі артады.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Бүгін батыс электр жүйесі бөлек түрде жұмыс атқарып жатыр. Яғни, бірыңғай электр жүйесіне қосылмаған. Оны қосу үшін 600 км электр желіні салуымыз қажет. Бұл мақсатқа жету үшін KEGOC пайдаланатын болады. Бұл қадам батыс энергетика жүйесін 500 МВт-қа дейін арттырады.

Еуропа қайта құру және даму банкі «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобымен стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша тығыз серіктестікті жалғастыра береді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Руслан Әлиев.