Ұлытау облысында жұмысшы мамандарға сұраныс артты
Ұлытау облысы құрылғалы өңірде құрылыс жанданып, шағын және орта кәсіп қарқын алды.
Қазір аймақта жұмысшы мамандарға сұраныс артып келеді.
Әсіресе «Құрылыс инженері», «Еңбекті қорғау» мамандары тапшы. Алдағы оқу жылынан бастап жергілікті колледждерде аталған кәсіп иелерін дайындау жоспарланып отыр.
Сәтбаев индустриалдық колледжінде жұмысшы мамандықтары бойынша 300-ге жуық студент оқиды. Соңғы жылдары «Дәнекерлеу ісін» таңдайтын талапкерлер қатары артқаны байқалады. Студент Руслан Сәрсенбай қазірдің өзінде тәлімгер жүктеген күрделі тапсырмаларды орындап жүр.
Руслан Сәрсенбай, колледж студенті:
- Қауіпсіздік ережесін білу маңызды. Себебі қауіпсіздік ережесін білмеген уақытта әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Болашақта менің өз ойым жұмыссыз қалмаймын деп ойлаймын. Себебі, дәнекерлер ісі деген өте сұранысқа ие деп айтып өтсек болады.
Еңбек нарығына жасалған талдау нәтижесінде өңірде «Құрылыс технигі», «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» мамандықтары бойынша сұраныс жоғары. Сол себепті алдағы оқу жылынан бастап колледж осы маман иелерін оқыта бастайды.
Гүлшат Әбсалықова, Сәтбаев индустриалдық колледжінің директоры:
- Біріншіден, бұл мамандықтар біздің өңірде оқытылмайды. Сондықтан сұраныс жоғары. Қазір Сәтбаев қаласында құрылыс қарқынды дамып келеді. «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» мамандығын игергендер жұмыссыз қалмайды.
Облыс құрылғалы өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Көктемде Қызылорда-Жезқазған жолын жаңғырту басталады. Облыстық еңбек мобильділігі орталығының мамандары осыған орай жұмысшы мамандарға сұраныс артпаса, кемімейді деп отыр. Қазір облыс бойынша 600 бос жұмыс орыны бар.
Айдар Қойшыбаев, облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры:
- Тас қалаушылар, дәнекерлерушілер, аспазшылар, автожол жұмыскерлері және түрлі жүк көлік жүргізушілері сондай маман иелері тапшы. Оларға арналған 100-ге тақау бос жұмыс орындары бар. Жұмысшы мамандықтар жылы болғаннан кейін 2025 жылы қысқа мерзімді курстар оқытып, 80-ге жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Қазір Сәтбаев қаласы бойынша 120-дан астам бос жұмыс орны бар. Жартысы жұмысшы мамандығына тиесілі. Колледж ұжымы бұл көрсеткіш жыл санап артуы мүмкін дегенді болжайды. Сондықтан қаладағы мектептерде кәсіптік бағдар беру мақсатында арнайы сыныптар ашуды жоспарлап отыр.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев