Қазақстанның IT экспорты артады
Наурыз айының соңына дейін отандық стартаптарға қаржылық қолдау көрсететін венчурлық қор құрылады.
Және оның көлемі биылғы жылдың соңына қарай 1 млрд долларға жетуге тиіс. Былтыр ІТ-экспорт көлемі жарты млрд долларға жуықтады.
Ал Үкіметтің жоспарына сәйкес, биылғы жылдың соңына таман экспорт көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 20 есе артады.
Сала күн санап өсіп келеді. Соның арқасында жұмыс орындары көбейіп жатыр. Мәселен, былтыр 28 мың жұмыс орны ашылған екен.
Отандық IT-экспорт ұлғайып келеді. Былтыр экспорт көлемі 480 млн долларға жуықтады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 52 пайызға артық. Қазір экспортты еселеу бойынша тапсырма қойылып отыр. Мемлекет басшысы келесі жылы 1 млрд долларды еңсеруді міндеттеген еді.
IT-экспортты ұлғайтуда Астана хабтың ролі ерекше. Бүгінде хабтың резидеттер саны 1 500 компаниядан асты. Олардың 425-і – халықаралық компания. Былтыр бұл компаниялардың кірісі 1 млрд 300 млн долларға жетті. Бір жылдағы өсім 50 пайызға жуықтайды. Бүгінде әлемнің жүзге жуық еліне өнім экспорттайды. Қазір Қазақстанға шетелдік компанияларды көптеп тарту бойынша жұмыс жүріп жатыр.
ІТ-ЭКСПОРТ
Экспорт – $479,2 млн
Өсім – 51,93%
2026 жылы – $1 млрд
Қатысушы – 1 585
Халықаралық компания – 425
Жалпы кірісі – $1,3 млрд
Өсім – 48,61%
Экспорт географиясы – 90-нан астам ел
Әсел Мизамқызы, Astana Hub халықаралық технопаркінің бас менеджері:
- Қазір әлем бойынша ІТ мамандар мен ІТ компанияларға талас жүріп жатыр, иә. Соған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты былтыр Астана хаб диджитал номад виза және диджитал номад резиденс деген деген екі бағдарламаны іске қосқан. Бұл шетелдік мамандарды, ІТ мамандарды біздің елге тарту. Өздеріңіз білесіздер, қазір Астана хабтың инфраструктурасында ірі-ірі ІТ компаниялар орналастырылған. Алдағы уақытта бұл сан ұлғаяды деген үміттеміз.
ІТ-салаға инвестиция 35,76%-ға өсті
Былтыр инвестиция көлемі 35 пайызға өсті. 170 млн доллардан астам қаржы елге келді. Осылайша 28 мыңнан аса жұмыс орны ашылды.
ІТ-САЛАҒА ИНВЕСТИЦИЯ
Инвестиция – $171,6 млн
Өсім – 35,76%
Жұмыс орны – 28 мың
Қазір елдегі үздік экспорттаушылардың басым бөлігі – Қазақстанға көшіп келген шетелдік компаниялар. Олар өздерінің орталықтарын мегаполистерде ғана ашып жатқан жоқ. Өңірлерде жұмысын бастағандары бар. Соның арқасында ел аймақтарында да жаңа жұмыс орындары ашылды. Шетелдік мамандардың елде тұруына рұқсат онлайн түрде беріледі. Бұл жеңілдіктер инвесторлар тарапынан қызығушылық тудырып отыр. СНХ.
Әсел Мизамқызы, Astana Hub халықаралық технопаркінің бас менеджері:
- Инвесторлар көбіне жасанды интеллектке негізделген стартаптарға қызығушылық танытып, инвестициялар салып жатыр. Қазіргі кезде астана хабта тіркелген ІТ компаниялардың 150-і жасанды интеллектке негізделген. Және де олар жылдам өсім көрсетіп жатыр. Шетелдіктер қызығып жатыр, сондай олар шетелге жақсы шығып жатыр.
Төрт жылда 114 мың IT-маман даярланды
Жалпы 2021 жылдан бері елде 114 мыңнан астам IT-маман даярланды. Кейінгі жылдары салаға қызығушылық күрт өсті. Мәселен, былтыр 33 мыңнан астам маман қанат қақты. Түлектердің стартаптарына шетелден қызығушылық жоғары. Ауыл шаруашылығы, логистика, денсаулық сақтау және спорт саласындағы жаңа жобаларға инвесторлар қаржы салды. Бұл жобаларда жасанды интеллектіні қолдануға барынша көңіл бөлініп отыр.
Әсел Мизамқызы, Astana Hub халықаралық технопаркінің бас менеджері:
- Higgsfield AI керемет стартапымыз бар. Көбісі естіген шығар. Бұл мынандай мәтіннен, тексттен шағын видеолар жасаму платформасы. Бұл болашақта тіпті әлемдік деңгейге шығуы мүмкін. Бұның потенциалын сезгендіктен әйгілі американдық инвесторлар мен фондтар 8 млн доллар инвестиция құйды.
Елде TechOrda бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама қысқа мерзімде жəне сұранысқа ие бағыттар бойынша 20 мың маман даярлауға мүмкіндік береді. Бүгінде TechOrda түлектерінің 90 пайызға жуық жұмысқа орналасқаны белгілі болып отыр.