С.Жұманғарин: Қосымша құн салығы бөлшек сауда нысандарына көтерілмейді

Қосымша құн салығы бөлшек сауда нысандарына, соның ішінде үй жанындағы дүкендерге, дүңгіршектерге, мейрамханалар мен шаштараздарға көтерілмейді.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сенат кулуарында осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, бөлшек саудамен айналысатындар үшін мөлшерлеме 4% болып қала береді. Яғни, жылдық табысы 2,4 млрд тенгеден аспайтындарға бұл реформаның қатысы жоқ. Осылайша, Жұманғарин халықпен жұмыс істеп, базарда сауда жасайтындарға бұл реформаның әсері жоқ екенін түсіндірді.

Айта кетейік, қосылған құн салығын 20% көтеру бойынша Үкімет ұсынысы әлі де талқыланып жатыр.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Осы бастамалар аясында қазір түрлі пікір қосатындар көбейіп кетті. Мәселені сараламай жатып, асығыс пайым шығарып жатыр. Біз үнемі халықпен тікелей жұмыс істейтіндердің барлығына, мәселен бөлшек сауда нысандарына, соның ішінде үй жанындағы дүкендерге, дүңгіршектерге, мейрамханалар мен шаштараздарға бұл реформа әсер етпейтінін айтып келеміз. Олар бөлшек сауда режимінде жұмыс істеген тәртіпте қызметін жалғастыра береді. Яғни, олар үшін қосымша құн салығы өзгермейді.