Үкімет сүт өнімдерін Еуропа нарығына шығаруға мүдделі
Отандық сүт өнімдерін экспортқа шығаруда қиындықтар бар. Әсіресе, Еуропа елдеріне өткізудің машақаты көп. Қостанайда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевпен болған кездесуде жергілікті кәсіпкерлер осындай бірнеше мәселені көтерді, деп хабарлайды 24kz.
Министр бірінші кезекте ішкі нарықты қорғау басты міндет екенін және отандық өндірушілерге барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету үшін замануи талапқа сай келетін сауда орындарын 2029 жылға дейін 70%-ке жеткізу мақсаты тұр. Сол үшін де жаңа сауда нысандарын салуға, қайта жаңғыртуға субсидия бөлінеді. Арман Шаққалиев сапар барысында бірнеше өндіріс орындарында болып, кәсіпорындардың жағдайымен танысты.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Еуропа елдерінде сүт өнімдеріне, әсіресе, ірімшік, йогурт деген тағамдарға сұраныс бар. Алайда ол нарыққа шығу үшін Еуропалық одақтың бақылаушы органдарының тексерісінен, тіркеуінен өту міндет. Біз осыны жеңілдету үшін нормативті-техникалық құжаттандыру, зертханалық бақылау жағынан қандай көмек көрсете алатынымызды пысықтадық.