Азаматтар көлік пен пәтерді лизингке алуы мүмкін

Автокөліктер заңды тұлғаларға лизингке беріледі. Яғни такси қызметі, логистика ұйымдары, автопарктер мен басқа да кәсіпорындар бұл қызметті барынша пайдаланып отыр. Енді алда сіз бен біз де лизингке көлік немесе пәтер алуымызға болады. Мәжіліс осындай заң жобасын қарауға алды. Депутаттардың айтуынша, лизинг автонесиеге қарағанда едәуір тиімді. Жаңа заң жобасы алдымен халықтың берешегін азайтуды көздейді.

Көлік пен пәтер лизингке берілуі мүмкін

Енді қазақстандықтар көлік пен пәтерді лизингке алады. Мәжіліс тиісті заңды қарап жатыр. Депутаттардың айтуынша, заң ел азаматтарын қарыздан құтқаруды көздейді. Яғни пайызы көп автонесиелер мен ипотекалық бағдарламаларға балама болуға тиіс. Себебі халықтың банктер алдындағы қарызы ұлғайып келеді. Мәселен, былтыр ипотекалық несие 14%-ке өсіп, 6,7 трлн теңгеге жетті. Ал автонесие сомасы бірден 45%-ке артып, 3 трлн теңгеден асты. «Заң жобасы мақұлданса, халықтың қарызы азаяды», – дейді депутаттар.

«Құжат аясында жеке кәсіпкер саналмайтын жеке тұлғаларға лизинг енгізу қарастырылған. Бұл өз кезегінде оларға автокөлік және жылжымайтын мүлік сияқты активтерді алуға мүмкіндік береді. Аталған құжат қабылданған жағдайда азаматтардың қаржы қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндігі артады. Ұсынылған түзетулер халықтың шамадан тыс несие алу деңгейін төмендетуді және азаматтардың әл-ауқатын арттыруды көздейді. Сондай-ақ банк секторының және лизингтік компаниялар нарығының бәсекеге қабілеттілігін дамытуға бағытталған» — Татьяна Савельева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

 

Лизингтің бірнеше түрі бар

Лизингтің бірнеше түрі бар. Біріншісі – қаржылық лизинг. Мұнда азамат көлікті жалға алады. Ал келісім мерзімі аяқталғанда көлік оның иелігіне өтеді. Екіншісі – операциялық лизинг. Көлік тек жалға беріледі. Кейін оны қайтаруға немесе жаңа модельге ауыстыруға болады. Ал үшіншісі қайтарымды лизинг деп аталады. Бұл жерде компания өз көлігін лизинг берушіге сатады. Бірақ оны жалға алып қолданады. Сарапшылардың пайымына сүйенсек, несиеге қарағанда лизинг тиімді.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Біздің елде автонесиелендіру тіпті 30 бен 56%-ке дейін кейде көтеріліп кетеді. Яғни заң бойынша олар соған дейін беруге мүмкіндіктері бар. Ал лизингте ол сол мүлікті бергендіктен, ол тікелей жаңағы өнімді бергендіктен, бұл жердегі есептеулер сол мүліктің бағасымен есептелінеді. Бағасы, ал бізде көбінесе халықтың қалтасының көтермей жатқандығы жаңағы мүлікті сатып алған баға емес, банктің ұсынған несиелік ставкасының жоғарылығы. Ал лизингте несиелік системалар жүзеге аспайды.

 

Лизинг қымбатшылық тудырмайды

Яғни лизингте бастапқы жарна төмен болады немесе мүлдем сұралмайды. Пайыздық үстемеақысы несиеге қарағанда арзан. Төлем кестесі тараптардың мүмкіндігіне қарай құрылады. Сонымен қатар қосымша кепілдік қажет емес. Қазір елде автокөлік заңды тұлғаларға лизингке беріледі. Бұл кәсіпорындардың қыруар қарызға батпай-ақ, автопаркті жаңартуына тиімді болып отыр. «Ал лизинг құралы қымбатшылыққа әкеледі деп қауіптенудің қажеті жоқ», – дейді сарапшы.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Барлығы нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арасындағы байланыспен тікелей байланысты. Мысалы, егер де азаматтардың көбі осы лизингке қарай сұраныстарын арттырып жіберсе, сол лизингті беретін қаржы институттарының да өздерінің бағалары қымбаттап кетуі мүмкін, бірақ та оның бір жағы жаңағыдай осындай сұараныс артқан кезде ол лизингке беретін нарықтағы компаниялардың саны да көбейеді де, керісінше адан кейін барып, өзінің қалыпты нарықтық бағасына әкелер еді.

Лизинг механизмі Америка мен Еуропада барынша дамыған. Яғни тұрғындар ескі көлігін тапсырып, жаңасын лизингке алғанды жөн көреді. Қазір елде 6 млн-ға жуық темір тұлпар бар. Бірақ олардың 40%-тен астамының шықққанына 20 жылдан асып кеткен. Ал лизинг бағдарламасы осы көлік паркін жаңартудың тиімді құралына айналуға тиіс.