АҚШ Қазақстанға қатысты «Джэксон-Вэник Түзетуінің» күшін жоюды қарастырып жатыр
АҚШ Қазақстанға қатысты «Джэксон-Вэник түзетуінің» күшін толық жоюды қарастыра бастады, деп хабарлайды 24KZ. Құжат Қазақстанға дискриминациясыз сауда режимін беруге бағыттылған. Бұл бастаманы Калифорния штатының демократ-конгресмені Джимми Панетта ұсынып, қос партияның сегіз бірдей мүшесінен қолдау тапты. Аталған құжат Өкілдер палатасының Табыс көздері және қаражат комитетіне қарауға жіберілді. Егер бұл заң жобасы Конгресс тарапынан мақұлданып, президент қол қойса, Қазақстан АҚШ-пен тұрақты қалыпты сауда қатынастары режиміне ие болады. Осылайша, заң жобасы «Джексон-Вэник түзетуінің» күшін толық жоюға жол ашқалы тұр.
Естеріңізге сала кетейік, 1974 жылы қабылданған бұл түзету КСРО құрамындағы елдердің эмиграциялық саясатына байланысты оларға сауда шектеулерін енгізген еді. Кеңес одағы ыдыраса да, Қазақстан бұл түзетудің формалды әсерінде қалып, АҚШ-пен қалыпты сауда қатынастарын жыл сайынғы уақытша статус арқылы ғана жүргізіп келген. Конгресс өкілдерінің пікірінше, бұл заң жобасының қабылдануы Вашингтон мен Астана арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып, екіжақты сауда мен инвестиция көлемін арттыруға ықпал етеді. Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі болғандықтан, жаңа мәртебе ынтымақтастықтың дамуына тың серпін бермек.
«Қырғи-қабақ соғыс дәуірінен қалған ескірген саясатты, соның ішінде Джэксон – Вэник түзетуін жою Американың Орталық Азиядағы экономикалық және стратегиялық байланыстарын нығайту үшін аса маңызды. Қазақстанға тұрақты қалыпты сауда қатынастары (PNTR) мәртебесін беру арқылы АҚШ – Қазақстан арасындағы сауданы жаңғырту туралы заң экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, инвестициялық мүмкіндіктерді арттырады, сондай-ақ жаһандық бәсекелестіктің күшейген кезеңінде тұрақты әрі тәуелсіз Қазақстанды қолдайды. Бұл маңызды сауда әріптестігін XXI ғасырға сай деңгейге көтеретін уақыт әлдеқашан жетті» — Джимми Панетта, Демократтар партиясының конгресмені.
«АҚШ – Қазақстан арасындағы сауданы жаңғырту туралы заң – қырғи-қабақ соғыс дәуірінен қалған сауда шектеулерін жойып, өңірлік дамуды және өркендеуді қолдауға мүмкіндік беретін маңызды заңнамалық құжат болып отыр. Бұл заң Иллинойс штатының экономикасына да оң әсер етіп, америкалық ауыл шаруашылығын ілгерілетуге ықпал етеді» — Дарин Лахуд, Республикашылар партиясының конгресмені.