Шымкент әкімі француз кәсіпкерлерімен кездесті
![Шымкент әкімі француз кәсіпкерлерімен кездесті](/media/k2/items/cache/895a5a5c7995839bff24d9d1cecd7a9a_XL.jpg)
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге бастаған француз кәсіпкерлерімен кездесті. EDF, Veolia, AZ Syndicat, C3Medical, Dualest, СП ALMGT, Richel Group сынды жетекші француз компаниялары мен Франция-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының (CCIFK) өкілдері Шымкентте бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Қала әкімі мегаполиске көрсетілген ықылас үшін француз делегациясына алғысын білдіріп, бизнес-форум аясында өткен B2B және G2B кездесулері ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Кездесу барысында 2025–2028 жылдарға арналған ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Жол картасына қол қойылды. Құжатта мәдени және білім алмасуды дамыту, қала құрылысы, ауыл шаруашылығы және қала инфрақұрылымы салаларында озық француз технологияларын енгізу, сондай-ақ денсаулық сақтау, ғылым және білім беру салаларындағы әріптестікті арттыру қарастырылған.
Бұдан бөлек, келісім туризмді дамытуға ықпал етеді. Оның ішінде Шымкентте Франция мәдениеті күндерін және Францияда Шымкент күндерін өткізу, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту мен іскерлік байланыстарды кеңейту шаралары бар. Жол картасын іске асыру қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, оның тұрақты дамуына маңызды қадам болмақ.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Шымкент әкімі Қазақстандағы Франция Елшісі Сильван Гиогемен кездесу өткізген болатын. Келіссөздер нәтижесінде Франция мен Шымкент компаниялары өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілген.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі