Атырау облысының ауыл шаруашылығы саласында 5 жоба жүзеге асады
Биыл Атырау облысында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға арналған 5 инвестициялық жоба жүзеге асады, деп хабарлайды 24KZ. Жобалардың жалпы құны 27,5 млрд теңге. Мал өнімдерін өңдеуге және жемшөп базасын жасақтауға басымдық берілді. Мемлекет қолдауына сүйенген шаруалар мал шаруашылығын дамытуға күш сала бастады. Атап айтқанда, бордақылау алаңы көбейіп, мал басын асылдандыру жұмысы бір жүйеге түсті.
Индер ауданында тұратын ағайынды Қажікеновтердің қожалығында төрт түліктің барлық түрі бар. Ата кәсіпті бизнестің жаңа түрімен ұштастырған шаруалар малды бордақылап сатады. Себебі бордақы мал тез ет жинап, шығынын артығымен ақтайды. Қазір мұнда 5 өгіз бен 2 бас жылқы жемде тұр.
Айбек Айыпқалиев, шаруа қожалығының жұмысшысы:
- 60 күннен асып жатыр. Күнделікті бір бұқа 6 келі жем жейді. Арпа-бидайды араластырып беріп отырамыз. Бұларды март айында саттыққа шығарамыз. 90-110 күнге жеткізіп. Бұлардың «төшкілей» еті 200 келі тартады деп отырмыз.
Мал өнімдерінен өзге кірісі жоқ шаруалар үшін бұл табысты бизнес. Рас, шығыны көп. Себебі климаты қатал өңірде жемшөп тапшы. Сондықтан олар аз малдан көп өнім алуға жұмыстанып жатыр. «Ол үшін еттің малын бордақылап, түлік түрлерін асылдандыруды қолға алып жатырмыз», – дейді.
Еділбай Қажікенов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Асылтұқымды бұқалар алып жатырмыз, ақбас бұқалар. Тұқым алайын дап салған бұқаларымыз. Пішенді Оралдан сатып аламыз. 1 рулоны 10 мың теңге. Өзімізде жайылыс жоқ. Көктемде қуаңшылық болды, жазда да субсидия төлесе, қойға, сиырға берсе, алуға болады.
Атырауда 2300-ден астам мал шаруашылығы құрылымы тіркелген. Олар түрлі несиелік бағдарлама арқылы былтыр жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге несие алып, 4700-дей мал сатып алды. Нәтижесінде Индер ауданында 3 мал бордақылау алаңы ашылып, Қызылқоға ауданында тәулігіне 1 тоннаға дейін сиыр сүтін өңдейтін цех іске қосылды. Биыл құны 27,5 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асады.
Марат Мурзиев, облыс әкімінің орынбасары:
- Атап айтсақ, 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрикасы, жалпы сыйымдылығы 21 500 тонна болатын екі көкөніс сақтау қоймасы, 5,6 гектарды құрайтын жылыжай кешені және мал азығы, соның ішінде жем дайындайтын зауыт. Сондай-ақ ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2025 жылы 1 млрд теңге қаражат бөлінді.
Мұның барлығы – облыс тұрғындарын сапалы да арзан азық-түлікпен қамтамасыз етуге арналған шаралар. Жалпы 2025-27 жылдары өңірде мал шаруашылығын әртараптандыруға арналған құны 48,3 млрд теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асуы тиіс. Ол үшін жергілікті билік арнайы «Жол картасын» жасап, қаражат көзін қарастырып жатыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.