Елімізде су үнемдеу жабдықтарын шығаратын бес зауыт салынады
Елде су үнемдеу жабдықтарын шығаратын бес зауыт салынады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жобаларды Kazakh Invest ұлттық компаниясымен бірге түрік және қытай компаниялары жүзеге асырады. Аталған кәсіпорындар тамшылатып суару жабдықтарын жасайды. Қазір елде төрт отандық зауыт жұмыс істеп тұр. Астанадағы зауыт жаңбырлатып суару машиналарын жасаса, Түркістан облысы мен Алматы қаласындағы кәсіпорындар тамшылатып суару жабдықтарын шығарады. Кейінгі жылдары Су ресурстары және ирригация министрлігі диқандарды заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру мақсатында бірнеше субсидия түрін енгізді. Соның арқасында былтыр елде 158 мың гектар егіс алқабына су үнемдейтін жүйелер енгізілді.