Атырау мұнай өңдеу зауыты тарихи рекорд орнатты

80 жылдық тарихы бар Атырау мұнай өңдеу зауыты алғаш рет рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Ел ішіндегі сұраныстың үштен бірін қамтып отырған алпауыт кәсіпорын былтыр 5 жарым миллион тоннадан астам мұнай өңдеді. Бұл 2023 жылы өңделген мұнайдан 71 мың тоннаға артық. Сонымен қатар өнеркәсіптік кешенде, ашық түсті мұнай өнімдерін шығару көлемі де ұлғайды.

Өнеркәсіп новаторы атанған зауыт былтыр 1 млн 650 мың тоннаға жуық автобензин, шамамен осындай көлемде дизель және 107 мың тоннадан астам параксилол өндірген. Ал әуе отынын өндіру көрсеткіші 132 пайызға артық орындалды. Өңдеу тереңдігі биыл қаңтарда 90 пайызға жетті.

Төлеп Байымбетов, «АМӨЗ» ЖШС хош иісті көмірсутектерді өндіру кешені басшысының орынбасары:

- Бұл қондырғыда жылына 1 млн тонна бензин өндіріліп, ішкі нарыққа октан саны жоғары бензин және де бензол шығарылады. Сапасы октан, саны жоғары. Және де бұл қондырғы тоқтаусыз жұмыс жасайды.

Кәсіпорын шығындары 18 пайызға азайды. 12 айда қазынаға 154 млрд теңгедан астам салық төленді. Экологиялық көрсеткіштер де жақсарды. Шығарындылардың ауаға таралуы шекті нормадан аспай, қалдықтарды шығару көлемі 28%-ға   азайды. Былтыр зауытта механикалық тазарту қондырғысын реконструкциялау жұмысы толық аяқталды. Нәтижесінде ағын судағы өндірістік шығарындылар мөлшері 2023 жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға азайды.

Ғалымжан Жусанбаев, «АМӨЗ» ЖШС Бас директоры, басқарма төрағасы:

- Декабрьден бастап, біз 92, 95-ті өзіміз жасаймыз. Біздің зауыт -45 градусқа дейін дизель шығара алады. Бізде себестоимость переработки нефти 74 мыңнан жоғары шамасында еді. Біздің алып отырған тарифіміз 54 мыңнан жоғары шамасында. Енді арасындағы айырмашылықты көріп отырсыз ғой. 20 мың теңгедей. 5 млн 500 мың деп санағанда, ол 110 млрд теңге. Соны экономдадық деп есептейміз.

80 жылдық тарихы бар кәсіпорын өндіріс көлемін әлі де арттырып, мұнайдан жаңа өнімдер шығаруды көздеп отыр. Әрі биылдан бастап зауыт Президент жариялаған жұмысшы мамандықтар жылы аясында қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін Халықаралық бағдарламалар орталығымен меморандумға қол қойды.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов