Ұлттық экономика вице-министрі Атырау кәсіпкерлерімен кездесті
Жаңа салық реформасында кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері міндетті түрде ескеріледі. Сондай-ақ жаңа заң жобасы бизнестің дамуына нұқсан келтірмей әрі бәсекеге қабілеттілікті сақтайтындай жаңартылады. Атырауға жұмыс сапарымен барған Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков өңір кәсіпкерлерімен кездесуінде осылай деді.
Вице-министр еліміз үшін салық жүйесін жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Қосымша құн салығын 16% деңгейінде белгілеу, бірқатар сала үшін 10%-тік төмендетілген мөлшерлеме енгізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан босату туралы заң жобасын таныстырды. Жиынға қатысқан 100-ге жуық кәсіпкер салық реформасы, оның ішінде қосымша құн салығының мөлшерін арттыру мәселелері бойынша пікірлерін ортаға салды.
Бауыржан Омарбеков, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Жұмыс топтар еліміз бойынша өңір-өңірлерде түсіндірме жұмысын, салық реформасын талқылау жұмысын жалғастырып жатыр. Біз Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес осы қосымша түзетулеріміз Салық кодексінің 20 ақпанда Парламентке енгізуді жоспарлап отырмыз. Әрі қарай Парламент өзінің ішкі регламентіне сәйкес Үкімет ұсынған түзетулерді қарайды. Әрі қарай қабылданған кодекс жобасы Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылады.