О.Бектенов халықаралық бизнес қоғамдастығы өкілдерімен салық реформасын талқылады

Елімізде салық есептілігі 30%-ға қысқартылады және салық төлемдері түрлерінің санын 20%-ға азайту көзделіп отыр.

Әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексінің нормалары жайында Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық бизнес қоғамдастығы өкілдерімен болған кездесуде айтты. Тараптар отандық инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелерін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ елде өз өнімін өндірушілер үшін табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесі енгізіледі, шикізатты қайта өңдеушілер жабдықтың импорты бойынша Қосылған құн салығын төлеу мерзімін ұзартатындығы айтылды. Отырыста Қазақстандағы Америкалық сауда палатасының атқарушы директоры, АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы сонымен қатар бірқатар шетелдік серіктес, ірі бизнес өкілдері сөз алды. Жиынға қатысушылар Үкіметтің қолайлы бизнес-орта құруға, өсу серпінін сақтауға және экономикалық даму сапасын арттыруға бағытталған реформалары туралы хабардар болды. Олжас Бектенов серіктестердің ұсыныстары мен бастамалары үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Үкіметі ашық диалог пен өзара үйлесімді іс-қимылға дайын екенін атап өтті.