Қарағанды облысында бизнесті дамыту үшін мүгедек жандарға грант берілді

Қарағанды облысының Нұра ауданында бизнесті дамыту үшін ерекше қажеттілігі бар адамдарға гранттар берілді.  

Былтыр жеті адам өз ісін ашуға немесе дамытуға бір жарым миллион теңгеден көмек алды.  Қайтарымсыз қаржыны тиімді ұқсатқан тұрғындар қазір кәсібінен пайда тауып отыр.

Нұра ауданында былтыр ерекше қажеттілігі бар 90-ға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Олардың арасында өз ісін дамытуға немесе кәсіп ашуға мемлекеттік грант алғандар да бар. Жеті тұрғынға бір жарым миллион теңгеден берілді. Мансап орталығының директоры Ерлан Жүнісов «ол адамдар бүгінде ашқан кәсібінен табыс тауып отыр» дейді. 

Ерлан Жүнісов, Нұра аудандық мансап орталығының директоры:

- Мал шаруашылығында, тігінші, жаңағы СТО дейді ғой сондай машина жөндеу салаларына және монша, сонымен қоса құс шаруашылығы бар. Қазір кәсіптерін ашып ол кісілер жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Дәурен Қалаубаев  – екінші топтағы мүгедек.  Мемлекет берген қаржыға шағын монша салған. Нәтижесінде ауылдастарына қызмет көрсетіп, табыс тауып отыр.

Дәурен Қалаубаев, кәсіпкер:

- 2 айдың ішінде салынды бұл баня. Туысқандар бар көмектесіп дегендей. Келушілер бізге алдын ала звондайды. 3-4 күн бұрын заказ алып, жұмысымыз алға жүріп жатыр.

Мемлекеттік грантты тиімді ұқсата білген тұрғынның тағы бірі – Ержан Малғаждаров. Техниканың тілін білетін ол автокөлік жөндеу шеберханасын ашты. Қайтарымыз қаржыға қажет құрал-жабдықтар сатып алған.

Ержан Малғаждаров, кәсіпкер:

- Мен көлік жөндеумен 7 жылдан бері айналысамын.  Көлік жөндейтін шеберханам мен темір-терсек жонатын станогым болса деп армандайтынмын.  Мемлекет ұсынған грантқа өтінім беріп, сол қаржыға қажет жабдықтарды түгел сатып алдым. 

Былтыр Қарағанды облысында ерекше қажеттілігі бар 45 адамға мемлекеттік грант берілді. Тағы бір жарым мың тұрғын өңірдегі түрлі кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылды. Мемлекет қолдауымен екі қолға бір күрек тапқандардың басым көпшілігі дәнекерлеушілер мен жүргізушілер.

Елдос Кәкенов, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев