Қостанай облысында еуропалық үлгідегі сүт фермасы іске қосылды
Қостанай облысының Степанов ауылында еуропалық үлгідегі тауарлы сүт фермасы іске қосылды, деп хабарлайды 24kz.
Жақында шаруашылық Даниядан 400 сауынды сиыр әкелді. Жыл соңына дейін олардың саны 1200-ге жеткізіледі. Мемлекет қолдауымен бой көтерген жаңа ферма заманауи технологиямен жабдықталған және онда негізінен жергілікті тұрғындар еңбек етеді.
Бірден қырық сиырды сыйдыратын айналмалы карусель бойында төрт сауыншы жұмыс істейді. Бірі сүртіп, бірі кигізіп, сауын барысын сырттай бақылап тұрады. Қалған шаруаны автоматтандырылған жүйе атқарады.
Оксана Уварова, сауыншы:
- Біздің ауылда мұндай болған емес. Сиырларда енді бой үйретіп, өзімізде ақырындап үйреніп жатырмыз. 5-6 миутта айналып келгенше сауылып болып, аппарат өздігінен өшеді.
Қазір фермада 30-ға тарта жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Толық қуатында көшкенде қосымша тағы адам аламыз деп отыр. Ал мынау сүт сауу бөлімінің жүрегі десе болады. Әр сиырдың жай-күйі, қанша сүт бергені туралы ақпарат осы орталық басқару жүйесінде тоғысып жатады.
Талғат Мусин, зоотехник-селекционер:
- Үлкен таблоның мәліметі бойынша мынау әр сиыр қай жерде тұр, оның қандай қазір сүтін бәрін түгел сауылып болды ма, жоқ па деп көрсетеді. Мысалы мынаны бассақ, мінекей, 11,5 килограмм шықты, енді кішкене қосты деген сөз. Соның бәрін анализ талдап, жасап береді. Мынау датчиктер электр өткізгіштікті тексереді. Мастит кезінде электр өткізгіштік азаяды. Сондықтан мал дәрігеріне сигнал беріледі.
Тақыр жерге тұрғызылған жаңа ферманың құны 7 млрд тенгеге жуық. Соның 30%-ін шаруашылық төлесе, қалған бөлігі мемлекет берген жеңілдетілген несие есебінен өтелген.
Асылбек Айқадамов, ферма басшысы:
- Енді бірінші бұзаулап жатқандар ғой. Қазір 21 литр беріп жатыр. Жоспар бойынша 26-27 литрге жеткізетін ойымыз бар. Проект 9 мың тонна сүт сауылуы керек жылына. Сол 10 жыл, 7-8 жылда ойлаймыз ақтап шығады деп. Бүгінге күніне 6 тоннадан сүт тапсырып жатырмыз.
Жалпы облыста биыл 6 сүт тауарлы фермасы ашылады деген жоспар бар. Егер осы жобалар толық іске асырылса, өңірде сүт өндірісі 40%-ке артады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг