Астанада 2025 жылы 55 инвестициялық жоба ашылмақ

Астанада 2025 жылы 55 инвестициялық жоба ашылмақ
Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты қандай іс-шаралар жүзеге асып жатқаны туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қаламызда азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізетін кәсіпорындар ашуды ары қарай жалғастырамыз. Бүгін тамақ өнеркәсібін, логистиканы, сауданы және т.б. дамытатын жаңа әрі салынып жатқан кәсіпорындарды аралап шықтым.

«RnR Group» ЖШС (Сарайшық ауданы) кәсіпорындар кешенінің жұмысымен таныстым. Ол – тәулігіне 25 тонна өнім шығаратын нан зауыты және көкөніс қоймасы (6 мың тонна). 2026 жылы тәулігіне 100 тонна сүт өңдейтін зауыт ашу жоспарланып отыр. Бұл жобаға тартылған жеке инвестициялар сомасы 8,1 млрд теңгені құрады. Қазірдің өзінде 250-ге жуық жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар, «SAIANUR VIP-SERVIS» ЖШС (Байқоңыр ауданы) заманауи көкөніс қоймасына бардым. Инвестиция сомасы – 1,8 млрд теңге, мұнда 200 жұмыс орны ашылды. 8 мың тонна көкөніс қоймасы жеміс пен көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Биыл жеке инвестициялар есебінен Сарайшық ауданында «Технодом» («ОРПТ» АҚ) дүкендер желісінің орталық қоймасын ашу жоспарланып отыр. Жобаға тартылған инвестиция 11,1 млрд теңгені құрайды, сол сияқты 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Мәселен, былтыр қалада 49 инвестициялық жоба қолданысқа берілді. Бұл 301 млрд теңге көлемінде жеке қаржы тартуға және 4 мың 100 жұмыс орнын ашуға септігін тигізді.

Биыл тағы 55 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Инвестициялық штабтарда қаламыз бен тұрғындарымыз үшін маңызды жобаларға қолдау білдіреміз. Біз әр жобаны жеке-жеке қарастырып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеміз», – деп жазды елорда әкімі.