Ербол Қарашөкеев Түркияда өткен инвестициялық форумға қатысты

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған делегация Түркия Республикасының Мерсин провинциясына жұмыс сапары барысында Қазақстан-Түркия инвестициялық форумына қатысып, әлеуетті түрік компанияларымен B2G форматында кездесулер өткізді.
Жамбыл облысы мен Мерсин провинциясының мемлекеттік органдары, бизнес өкілдеріне форум іскерлік байланыстарды нығайту, сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерді жан-жақты талқылау үшін аса маңызды алаң болды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мұндай іс-шаралар түрік компанияларының Жамбыл облысындағы өндіріс ауқымын кеңейтуге деген қызығушылықтарын арттыра түсетінін атап өтті.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Жамбыл облысының жоғары инвестициялық әлеуеті мен артықшылықтарына тоқталып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында маңызды инвестициялық жобаларды қолдау шаралары туралы баяндады. Сондай-ақ, өңірдің қолайлы климаттық жағдайын, логистикалық тұрғыдан тиімді географиялық орналасуын, табиғи ресурстардың, оның ішінде металлургия, химия және құрылыс салаларын дамыту үшін мол қорының бар екенін жеткізді.
Өңірде қолайлы инвестициялық саясат жүзеге асуда десек, үш жылға жоспарланған 7 млрд. долларды құрайтын ірі жобалар оған дәлел бола алады.
Ербол Қарашөкеев түрік компанияларын облысқа инвестиция құюға шақырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, туризм, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі,
кабельдік өнімдердің, желдету және электр жабдықтарының, сорғылардың, сондай-ақ оқшаулағыш материалдардың өндірісін құру бағыттарындағы орасан зор әлеуетке назар аудартты.
– Біз мүдделі инвесторларды қолдауға, кең ауқымды преференциялар беруге, дайын инфрақұрылымы бар өндірістік үй-жайлармен қамтамасыз етуге дайынбыз. Аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын үй-жайлардың құрылысы аяқталуға жақын. Биыл тағы 100 мың шаршы метр құрылыс жоспарланған. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысатын «Zhambyl Invest» дирекциясында Түркиямен жұмыс істеу үшін жеке бөлім құрылған, — деді облыс әкімі.
Форум барысында тараптар қосымша салалардың дамуына әсер етіп, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырған Мерсин провинциясы аумағындағы атом электр станциясын салу жобасын талқылады.
Жамбыл делегациясы түрік серіктестерінің озық тәжірибесін қарастыруға қызығушылық білдірді.
Мерсин Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Мұстафа Оздамар провинцияның инвестиция тарту бойынша көшбасшы екенін атап өтіп, Қазақстанмен, оның ішінде Жамбыл облысымен ынтымақтастықты нығайтудың зор мүмкіншілігіне тоқталды.
Мерсин провинциясы губернаторының орынбасары Ирфан Демироз Қазақстан мен Түркия ұзақ жылдар бойы тығыз ынтымақтастықты сақтап келе жатқанын, ортақ тарихи және мәдени байланыстар екіжақты қарым-қатынастардың негізі екенін жеткізді. Ол Жамбыл облысымен өзара іс-қимылды кеңейтуге ниет білдірді.
Сондай-ақ Түркиядағы KAZAKHINVEST өкілі Ерсұлтан Жаңабаев орамды ойларын ортаға салды.
Жамбыл облысының делегациясы Мерсин кәсіпкерлерімен B2G форматында кездесулер өткізді, бұл тікелей байланыс арналарын құруға, Жамбыл облысы мен Мерсин провинциясы аудандарының сауда белсенділігін ынталандыруға ықпал етпек.
Мерсиндік іскер топ өкілдері Жамбыл облысымен бірлесіп цемент, дизель майы, күн батареяларын өндіру, жеміс-жидек, көкөністерді өңдеу және басқа да бағыттар бойынша жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады. Кездесулер барысында әрбір жоба егжей-тегжейлі талқыланып, өңір басшысы кәсіпкерлердің барлық сұрақтарына толық жауап берді.