Ұлттық қорға мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия жұмысын қайта бастады
Елде Ұлттық қор қаражатына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия жұмысын қайта бастады.
Консультативтік-кеңесші орган Жоғары аудиторлық палата құрамында болды. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен оның қызметі жаңарып, міндеті пысықтала түспек. Атап айтсақ, Ұлттық қор қаражатын экономиканың неғұрлым басым бағыттарына бөлу, жеңілдетілген шарттармен берілген қаражатқа тексеріс жүргізу жоспарланған. "Ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауы тиіс. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды» деп атап өтті комиссия төрағасы Әлихан Смайылов. Қордың рөлі мен маңызын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда атап өткен болатын.